Еліміздің дәрігерлері мен ғалымдары 25-27 жастағы қыздарды отырып қалған қыздардың қатарына қосады. Ал 35-тен кейін қыздардың бала табу мүмкіндіктері азаятынға ұқсайды. Екінші жағынан, дәрігерлер де осы жастан кейін үнемі бала табуға рұқсат бере бермейді. Өйткені, бұл өмірге қауіпті. Егер де 35 жасқа дейін бірнеше баласы болса, басқа әңгіме. Өкінішке орай, олар тек осы жаста ғана күйеуге тиіп жатады.
Мемлекеттің мықты болуы халқының көп болуына да тікелей байланысты. Оны іргеміздегі Қытайдан да аңғаруға болады. 1,5 миллиард тұрғыны бар аспан асты елі тіпті азуын айға білеген АҚШ-тың өзін тұқырта бастағаны шындық. «Көп қорқытады, терең батырады» деген осы. Сондай-ақ, халқының саны жағынан әлемде 18-орында (71 миллион 208 мың), жер көлемі жөнінен 17-орында (1648 мың шақырым) тұрған Иран халқының санын өсіру үшін екі әйел алушылықты заңдастырып қана қойған жоқ, жаңадан дүниеге келген әр балаға 780 еуро сыйақы тағайындады. Өткен жылдан бастап Иран президенті Махмұд Ахмадинежад: «Біз халқымыздың санын 120 миллионға жеткізсек, ең беделді әрі ықпалды елдердің бірі боламыз», — деп мәлімдеді.
Ал өздерін өркениетті елдердің қатарына қосатын Батыс мемлекеттері жергілікті ұлттың санын қалайша көбейтеміз деп бас қатыруда. Өйтпегенде ше? Мемлекет құраушы ұлттың саны жыл өткен сайын кемуде. Мысалы, іргеміздегі Ресейде орыстардың саны жылына 1 миллионға, Украинада украиндар саны жарты миллионға азаюда (М.Тәтімов. Дербестігім — демография). Егер осылай жалғаса беретін болса, Ресейдің Қиыр Шығысына қытай, Мәскеуге татар мен өзбек, Новосібірге тәжік пен қырғыз билік жүргізуі бек мүмкін. Соңғы мәліметтер Ресейде орыс қыздарының 5 пайызға жуығының тұрмыс құрмағандығын көрсетті. «Осы ғасырдың ортасына дейін аналардың саны екі есеге дейін азаюы мүмкін», — дейді Ресей демографтары.
Екінші жағынан, өте кеш тұрмысқа шығу денсаулыққа аса зиян. Себебі, қыз бала-ның күйеуге тиіп, балалы болуы — табиғи заңдылық. Бұл жүйе бұзылған соң, олардың да денсаулығы сыр бере бастайды. Ал 40-44-тегі әрбір 1000 қыздың бар-жоғы 150-ге жуығы ғана бала сүю бақытына ие болады екен!
«Қисайып қалсам, көмусіз қалам ба деп қорқамын»
Бұл демограф Мақаш Тәтімовтың әзілі болса да астарында шындық жатыр. Кәрі қыз атанып қалудың себептері көп. Бір жасы келген апаймен (тұрмысқа шықпаған) әңгімелескенім бар еді. Сол кісінің бүкпесіз әңгімесінен біраз себептерін түсінуге болатындай.
— Мектепте өте жақсы оқыдым. Он жылдықты алтын медальға бітіріп, ҚазМУ-ге оқуға түстім. Ұстаздарым: «Сенен үлкен ғалым шығады», — деп, университетке оқытушылыққа қалдырып, кандидаттық қорғауға көндірді. Сол кездегі жетістігіме малданып жүргенімде ана болу, отбасын құру, бала сүю бақытынан кешіккенімді білмеппін. Тұрмысқа шығып, бала-шағасымен улап-шулап жүргендерге мүсіркей қарап, «ақымақтар» деуші едім. Ғылым кандидаты болып, докторлық тақырып алғанда отыздан асып кетіппін. Тұрмысқа шығуды есіме ала бастадым. Бірақ, менімен жастылар үйленіп кеткен. Күйеуге шыққан құрбыларым күйеулерін қызғанса, үйленген жігіттердің әйелдері қызғанады. Той-томалаққа бара алмаймын. Сонымен, өмір өте берді. Докторлықты қорғап, пәтер алған соң, қалаған еркегіме тиіп аламын деп ойладым. Бірақ менің ойымда, қиялымда жүретін, үйленбеген еркектер маған қарамайды. Ажырасып, үйсіз-күйсіз жүргендер, жоғары білімі жоқтар мен «дайын үйге» келгендерді менсінбедім. Осылай жүргенде қырықтан астым... Алғаш маған тек кемпірі қайтыс болған шалдар сөз салатын болғанда, күйіп кете жаздадым. Жалғыз бастының жегені желім, ішкені ірің. «Ой, жалғыз жақсы тұрып жатырмын, ештеңеге басым ауырмайды» дейтіндер — есі ауысқандар. Менің алтын белгім, қызыл дипломым, докторлығым кімге керек? Осында жалғыз жатып, таңертең тұрмай қалсам, мына грамоталарым мен атағым, қожыраған қағазымды тышқан жеп, өзім көмусіз қаламын. Бар шындық — осы, — деп терең күрсініп еді...
«Бойжеткен қызды күйеуге беруге асық»
Бұл Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінен үзінді. Әрине, бұл мәселенің де шешімі Исламда. Әңгіме — осыған амал етпеуімізде. Өйткені шариғатты өмірмен байланыстыра алған ата-бабамыздың жолынан алыстап қалдық. «Он үште отау иесі», «Басың екеу болмай, малың екеу болмайды» деген бабалар сөзін ұмыттық.