Қазақ – табиғатынан ақынжанды. Ауылдың алтыауызын өлеңмен айтпайтыны кемде-кем болған. Қазақтың жай сөзінің өзін ұйқастырып, өлең етіп сөйлейтіндігіне өз кезінде зерттеуші немістің әйгілі ғалымы В.В.Радлов тамсанған. Халқымыздың дана ақыны Абай да өлеңді сөз патшасына теңеген. «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, теп-тегіс жұмыр келсін айналасы» – деп өлеңнің негізгі ұстанымын да білдірген. Дініміздің асыл құндылықтарын көркем жыр шумақтарымен дестелей білу де үлкен өнер.
Бұл жайлы М. Әуезов атындағы академиялық драма театрында жыр мүшәйрасының қорытындысына арналған кеште сөз алған ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі кеңінен ой толғады. Мүшәйра «Шеберді шебер дегенше, Алланы шебер десейші», «Әз пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с.)», «Көркем мінез – көркіміз» деген тақырыптар аясында өтті. Себебі бұл үш тақырып та Исламның негізгі мазмұны мен мәнін қамтиды. Мүшәйраға мыңнан астам өлең түсті. Онда мектеп оқушылары мен орта арнаулы және жоғары оқу орындарының студенттерінен бастап, қазіргі әдебиетімізде өзіндік орны бар, танымал ақындар мен суырып салма айтыс ақындарына дейін қатысып, өз өлеңдерін бәйгеге қосты. Жыр додасына түскен өлеңдермен қалың көпшілік те таныссын деген ниетпен www.muftyat.kz сайтына шығарылды. Мүшәйраға қатысушылардың деңгейі әртүрлі еді. Бірі әдебиет пен тілдің жайын меңгерген тәжірибелі ақын болса, ал дініміздің құндылықтарын біршама білгенмен, өлең жазуды енді ғана бастап жүрген талапкерлер де аз болмады. Соған орай өлеңнің сыртқы пішіні мен көркемдігі жоғары деңгейде болғанмен, мазмұны төмен, немесе мазмұны жоғары, бірақ өлеңге қойылатын талаптардың сақталмағаны да аз ұшыраспады. Белгілі әдебиетші, ғалым, дін мамандарынан құрылған әділқазылар алқасы өлеңдердің мазмұнына да, көркемдік дәрежесіне де қарай іріктеп, сұрыптап таңдаулыларын «Аллаға мадақ» деген атпен мол таралыммен кітап болып басылып шығуына жолдама берді. Оза шапқан жүлдегерлерді де анықтады. Алайда жазылған өлеңдердің шынайы бағасын Алла тағаланың өзі беретінін есте ұстаған абзал. Мақсат атақ, абыройға кенелу емес, Алланың разылығына жету. Мүшәйраға қатысып, жүлдеге іліне алмағандардың ниетіне қарай сауабын Жаратушы иенің өзінің беретіні ақиқат.
Әділқазылар алқасының шешіміне орай ынталандыру сыйлығына 14 ақын ие болды. Олар: Айбол Қожахметов (Алматы қаласы), Шаймұрат Шауейұлы (Алматы облысы), Бауыржан Әліқожа (Алматы қаласы), Қайыпназар Шотбасов (Жамбыл облысы), Алмас Темірбай (Көкшетау қаласы), Серікбол Хасан (Алматы қаласы), Шорабек Айдаров (Алматы қаласы), Батима Қойбағарова (Талдықорған қаласы), Айнұр Сарбала (Алматы қаласы), Бағдад Ізмағанбет (Орал қаласы), Дүкен Мәсімханұлы (Астана қаласы), Құдайберді Бағашар (Алматы қаласы), Серік Сейітман (Шымкент қаласы), Жексенбай Хайып Камел (Моңғолия, Баянөлгей аймағы). Олардан осы кешке қатысқан бір тобына сыйлықты Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов тапсырды.
ІІІ орынға лайықты деп танылған 3 ақын: Тұрмағанбет Кенжебаев, Арман Бердалин және Дастан Ақашқа әрқайсысы арнайы дипломмен қоса 150 000 теңге сыйлықты Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің ректоры, профессор Махмуд Фаһми Хижази;
ІІ орынды иеленген 2 ақын: Гүлнәр Шәмшиева мен Бауыржан Қарағызұлына арнайы дипломмен қоса кіші қажылыққа жолдаманы белгілі әдебиетші Мұрат Әуезов;
І орынның иегері Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ІІІ курс студенті Ермек Есқожаевқа арнайы дипломмен қоса үлкен қажылыққа жолдаманы Дінбасы Әбсаттар қажы Дербісәлі хазрет;
бас бәйгені иеленген белгілі сазгер Жәкен Омаров пен теология докторы Мұхиддин Исаұлына арнайы дипломды «Президент және халық» газетінің Бас редакторы Марат Тоқашбаев тапсырды. Бас бәйгенің екі иесіне де үлкен қажылыққа жолдама берілуге тиіс болатын. Оның екеуінің де үлкен қажылықта бұған дейін болуына байланысты оған тиесілі қаржыны ынталандыру сыйлықтарына қосып, бөліп беруді өтінді. Өтініштері орындалып, ынталандыру сыйлықтарының саны да, көлемі де артты.
Бас бәйгеге лайық деп танылған «Хикмет-уллаһ» өлеңіне қос автордың бірі белгілі сазгер, айтыскер ақын Жәкен Омаров шығарған әнді оның өзінің орындауында көпшілік сүйсіне тыңдады. Сол ұзақ өлеңнің тек бастапқы екі шумағын ой көзімен зерделелік:
Махаббатымен күллі ғаламды жаратқан,
«Өзің» деп, Алла, күніміз батып, таң атқан.
Махшарды ойлап, мазамыз кетер, я, Рахман,
«Алсақ», деп «орын» момындар тұрған санаттан.
Я, Алла, «Сен!» деп, сыңғырлайтындай бұлақтар,
Сыбдырлайтындай жасыл жапырақ, құрақтар.
Буырқанғанда мұхиттың ақ жал толқыны,
«Сабыр» деуменен сабаға түсіп тұрақтар.
Бірінші орынға лайықты деп танылған Ермек Есқожаевтың көлемді де, ғибратқа толы «Зинақорға өсиет» атты өлеңін автор нақышына келтіре шеберлікпен оқығанда бүкіл зал риза болып, дуылдата қол соқты. Бұл арқылы үлкен күнә саналар зинақорлықты бүкіл қоғамымыз өз ортасынан күстаналап қуып жатқандай сезілді.
Мүшәйра кешінде Алланы мадақтап, пайғамбарымызға салауат айтылған көптеген діни жаңа әндер сахна шеберлерінің орындауында алғаш рет шырқалып, тұсауы кесілді. Атап айтқанда, белгілі әншілер: Ескендір Хасанғалиев, Ақжол Мейірбеков, Марат Омаров, Тоқтар Серік, жас әншілер: Сержанәлі Әлібек, Индира Расылхан, Қанат Үмбетов, Динара Маметекова, алты жасар Қазбек Дүйсенбаев, танымал «Жігіттер», «Серілер», «Меломан», «Сәт» топтарының орындауындағы діни әндер көптің көңілінен шықты. «Раййан» тобының тұсауы кесілді.
М.Әуезов театрының талантты актері Азамат Сатыбалды шебер жүргізген әсем әуеніне терең мазмұнды мәтіні сай діни әндер кешіне ата-бабасының асыл сенімін қастерлеген ағайындарға театрдың кең залы мен балкондары лық толды. Атап көрсетер бір келеңсіз жәйт Алматыдағы ең үлкен бұл театр сол кешке белгілі уақытқа діни басқарма тарапынан жалға алынған-ды. Театрдың тәртібі бойынша кештің басталуы сағат 19.00-ге белгіленген. Халықтың толық жиналуын күтіп, тағы жарты сағат ғимарат әкімшілігінен сұрауға тура келді. Әйтпесе, театрға барып жүрген кісілерге белгілі сағат 19.00-де есігі жабылып, кешіккендер болса қойылымды көре алмай қайтады. Сол ұстанған тәртібін ғимарат әкімшілігі бұл жолы да қатаң сақтауды талап етті. Қосымша сұрап алған жарты сағаттан кейін де кешіккен саусақпен санарлық ат төбеліндей келуші жабылған есікті қағып, театр әкімшілігінің ескертуіне қарамастан сыртта шу шығарды. Оларға билетінің күймейтінін, ертесіне діни басқармаға келіп ақшасын қайтарып ала алатыны ескертілді. Сол сәтте осы келеңсіз жәйтті аңдығаны өсек-аяң, дау-жанжал қуған коммерциялық бір телеарнаның журналистері жетіп келіп түсіріп, ертесіне жерден жеті қоян тапқандай, сенсация ретінде өз көрермендеріне ұсынды. Әңгіме осындай діни шараның мән-маңызын жеткізу емес пе? Өкінішке орай, бұл маңызды іс-шара елеусіз ғана тілшінің аузынан сүреңсіз әдеттегі оқиғадай айтылып, әлгі келеңсіз жәйттің көлеңкесінде қалып қойды.
Бұл кешті өткізуден түскен қаржы толығымен қаладағы қараусыз қалған, жалғызбасты мүгедек қарттар үйіне аударылды. Бір қайырымды игі іс-шара осылайша өз жалғасын тапты.