Haziran 24, 2015
 
 
 
 
 
 

Рухы мықты елдің еңсесі биік

Жуырда тұңғыш рет облысымызда аймақ басшысы Бауыржан Әбдішев көмірлі өлкеміздегі ғылым және шығармашылықтағы зиялы қауымның өкілдерімен кездесті.

 

Кездесу алдында аймақ басшысы «Мәдени мұралар» көрмесі мен «Сақ мәдениеті» залындағы жәдігерлерді тамашалады. Жүздесу барысында әкім мәдениет, әдебиет, өнер, ғылым, жалпы руханият мәселесін арқау етіп, көпшіліктің ұсыныс-тілектеріне құлақ түрді.Бауыржан Түйтеұлы, облыс әкімі:

— Мәдениет және өнер мәселелері қашанда облыс басшылығының назарынан сырт қалған емес. Елбасы әрбір сөзінде мәдениеттің қолдауымен ғана жоғары дамыған мемлекет бола аламыз деп қадап айтады. Мәдениет саласын тұрақты қаржыландыру нәтижесінде осы саланың материалдық-техникалық базасы едәуір нығайды. Мысалы, өткен жылы ғана Қарағанды облысын дамыту бағдарламалары аясында осы салаға 250 млн. теңге бөлінді. Ал үстіміздегі жылы «Еңбекпен қамту – 2020» және «Шағын қалаларды дамыту» бағдарламалары аясында мәдениет мекемелерін жөндеуге 170 млн. теңге қарастырылуда. Жақында ғана облыс әкімдігі және «ENRC Kazakstan» ЖШС арасында өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қою кезінде осы компания Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің симфониялық оркестрі, К.Станиславский атындағы орыс драма театры және Академиялық музыкалық комедия театрының артистері үшін грант төлеуге қаржы бөлетін болды. Биыл Астананың 15 жылдығын, Францияда әуелетіп ән салған атақты әнші Әміре Қашаубаевтің 125 жылдық, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің 75 жылдық, академиялық музыкалық комедия театрының 40 жылдық, Жезқазған тарихи-өлкетану мұражайының 35 жылдық мерейтойларын сән-салтанатпен атап өтеміз деген сенімдеміз, — деді. Облыс әкімі сонымен қатар білікті жоғары оқу орындарының алдына қойылған жаңа міндеттерге де тоқталып өтті. Әсіресе, білікті кадр дайындауда Елбасының қолдауымен 1994 жылы «Болашақ» ха-лықаралық стипендиясының тағайындалуы қарағандылық студенттердің де Еуропа мен АҚШ елдеріндегі ең таңдаулы оқу орындарында оқуына жол ашып отыр. Бүгінгі таңда білікті маман әзірлеп, оны жұмысқа орналастыру әрбір оқу орнының алдында тұрған міндет екенін баса айтты. Мемлекеттік тіл — қазақ тілін дамыта түсу керектігіне де тоқталды. Зиялы қауым өкілдерін ашық сырласуға, ой-пікірлерін бүкпесіз айтуға шақырды. Сөз кезегі ғылым және шығармашылық өкілдеріне тиді.

Қазақстан Жазушылар одағының Қара-ғанды облыстық филиалы-ның директоры, ақын Серік Ақсұңқарұлы:

— Қарағанды — үлкен мәдени орталықтың ордасы. Қазақтың ең керемет деген маңдай алды ұлдары Сарыарқада туған. Дүркіретіп өткізген мерейтойдан кейін ел Қасымның дауылпаз ақын екеніне тағы бір мәрте көз жеткізді. Қаламызда Қазыбек биге, Қасымға, Қанышқа ескерткіш қойылды. «Қасым» журналы жарық көрді. Бүгінде оның 8 саны жарық көрді. Бұл журнал республикалық журналдармен бәсекеге түсе алатын деңгейге көтерілді. Бір өкініштісі, Қасым ақынға әлі көше аты берілген жоқ. Екі-үш жыл болды, Қарағандының мәдениеті тоқырап тұр. Бұқар жыраудан бастау алатын «Сарыарқа кітапханасы» атты 100 томдық энциклопедияны жарыққа шығаратын кез жетті. Кеңес Одағының «күн көсемі» Ленин ескерткішін алып тастадыңыз. Енді Ленин атындағы көшеге Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың атын берсе және ескерткішін орнатса деген ұсыныс бар. Тап-тамаша Абай ескерткіші халыққа теріс қарап тұр. Ескерткіш халықтың көзіне түсер жерде орналасқаны жөн.

Әкімі ақынын тыңдаған өңір ғой, Бауыржан әкім ақиық ақынның айтқанын мұқият тыңдап, бірден жауабын берді.

— Сауалыңыз орынды, «Сарыарқа кітапханасы» сериясын бірден 100 томдығын шығара алмаймыз, біртіндеп шығару керек. Алдымен 30 томдығын қолға алайық, — деп қолдау көрсетті.

— Ұлытау тарихи мекен болғандықтан, көнеден қалған жәдігерлер де көп. Тарихи орындарды қызықтауға сырттан қонақтар жиі келеді. Ауданда әлі күнге дейін тарих тереңінен сыр шертетін тарихи өлкетану мұражайы жоқ. Осыған бюджеттен қаражат бөлінсе деген тілегіміз бар, — деді «Ұлытау» табиғи-қорық мұражайының директоры, ҚР және Ресей Саяхатшылар одағының мүшесі Бахтияр Қожахметов.

Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дің ректоры, облыстық мәслихаттың депутаты Еркін Көбеев облыс әкімінің зиялы қауым өкілдері-мен кездескеніне қуанышты екенін білдіре отырып, білім және ғылым саласына енген оң өзгерістер мен соны жаңалықтарға тоқталды. Ғылымның өндіріске енгізіп жатқанын өзек етті. «Болашақ» университетінің ректоры, облыстық мәслихаттың депутаты Нұрлан Дулатбеков бүгінгі жастардың түрлі діни ағымға еріп, адасып кетпеуінен алдын ала сақтандырып, олармен көп жұмыс жасау керектігін, әсіресе идеология жұмысын жандандыру керектігін тілге тиек етті. Сөз арасында: «Долинкадағы Карлаг мұражайы жөндеуден өткені көпшілікке белгілі. Осы мұражайға жылына 10-12 мың адам келеді. Соның 7 мыңдайы шетелдіктер. Сондықтан келген қонақ тоқтайтын қонақүй, асханасы болса, нұр үстіне нұр болар еді», — деген көңілге қонымды пікірін ортаға салды. Сонымен қатар БАҚ-та үнемі қоғамның келеңсіз оқиғаларын шеней бермей, жүзеге асырылып жатқан жағымды жаңалықтарды да жиі насихаттап тұруға көңіл бөлу керектігін айтып өтті. Осы «Болашақ» университетінің жанындағы «Мирас» ғылыми-зерттеу шығармашылық орталығының директоры Мәуен Хамзин «Қазыбек би» энциклопедиясының қазақ және орыс тілінде және «Сәкен Сейфуллин» энциклопедиясының жарық көргендігін, жақында «Бұқар жырау» энциклопедиясы жарыққа шығатынын жамиғатқа жеткізді.

Облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы, профессор, ғасыр ғұлама-сы Темірғали Көкетайтегі ағамыз бірнеше ұсыныс-тілегін алға тартты. Алғашқысы, жаңадан ашылған «Қазақ тілі» қоғамына кеңсе керектігін және оны материалдық жағынан демеп жіберу қажеттігін өтінді. Екіншісі, алаштың тұңғыш физика-математика ғылымының профессоры әрі жерлесіміз Әлімхан Ермековтың атын Қарағанды мемлекеттік техникалық университетіне берсе деген ұсынысын айтты. Қилы заманда Ленинмен айтысып, Қазақстанның қазіргі шекарасын белгілеп берген Алаш арысына осылай құрмет көрсетілсе, ұрпақ парызы өтелетінін қадап айтты ағамыз. Кеңес Одағы тұсында облыс әкімі жанынан ғылымға, нақтырақ айтқанда, ашқан жаңалықтарды ғылымға кіргізуге көмектесетін қор құрылғандығын, бүгінгі таңда осы қордың ауадай қажеттігін, әсіресе ғылым жолында жүрген жастарға көмек қолын созатын ғылыми қор құрсақ деген ізгі тілегін жеткізді. Тіл жанашыры өзге тілде аталған қаладағы, қырдағы көше және жер-су аттарына алаңдаушылық білдірді. Көмірлі қала көше аттарының басым көпшілігі әлі күнге дейін Кеңес заманынан қалған ақылға сыймайтын атаулардан арыла алмай келе жатқанын сынап, Осакаров ауданының атауын өзгерту керектігіне баса тоқталды. Бұл мәселе бұған дейін «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Темірғали ағамыздың ұйымдастыруымен өткен конференцияда да қаралған. Осакаров ауданының әкімшілігі мен аудандық мәслихат аудан және кент атауын өзгертуге келісім берген. Кент орталығына Нияз батырдың атын, ауданға Сарыбел атты тарихи атауын қою мәселесі сөз болған. Енді сөзден іске көшетін кез жеткен сияқты. Облыс әкімі ел ағасының ұсыныс-тілектерін мұқият тыңдады. «Қазақ тілі» қоғамына қажетті кеңсе, материалдық базасын шешіп беретіндігін айтты. Іле, «Осакаровка» деген атау «Аса қарлы» деген сөзден қалған деушілер бар» деп, осы мәселеден хабардар екенін аңғартып, реті келсе оң шешімін табатынын айтты.

Жазушылар одағының мүшесі, ақын Қасым Ботанов жергілікті халық аз Теміртау қаласында мемлекеттік тілдің мәселесі өткір тұрғанын, соған қарамастан «Құрыш қала» атты қалалық газет ашылғанын және «Магнитка» деген ән-би ансамблі құрылғанын тілге тиек етті. Қаз тұрған қалалық газеттің таралымы бар болғаны 1000 дана екендігін айтып, сол газеттің жанданып кетуіне үкімет болмаса қала әкімшілігі тарапынан көмек болса деп әкімге құлаққағыс етті. Облыс басшысы «Қала әкімшілігі тарапынан қарастырылып, шешімін табады» деп Қаскеңнің өтінішін қанағаттандырды.

Кездесуге театр және өнер майталмандары қатысты. Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театры атынан сөз алған театрдың көркемдік жетекшісі Дунай Еспаев өнер ұжымының халықаралық фестивальдерден оза шауып, бас бәйгені қанжығаларына байлап жүргеніне тоқталды. Наурыз айында театр ұжымының Сербияның астанасы Белградқа барып, М.Әуезовтің «Қаракөз» қойылымымен фестиваль шымылдығын ашып, сербтерді бір серпілтіп, «Дон Кихот» жүлдесін алып келгендігі өнер сүйер қауымның жадында болар. Шетелдегі гастрольдік сапарларында Сәкен атындағы театр әлемдік театрмен бәсекелестікке түсе алатынын дәлелдеген. Бүгінде италияндық режиссер Андреа Бенальо келіп, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» эпосы негізінде қойылым әзірлеу үстінде. Мамыр айында театр артистері Түркияда өтетін халықаралық фестивальге қатыспақ. Алдағы жылы Халықаралық фестивальді өзімізде өткізуді жоспарласақ деген ойымыз жүзеге асса дейміз. Алайда әр саланың бір «әттеген-айы» бар. Облыстағы 5 театрға білімді жас мамандарды тарту оңайға соқпай тұр. Баспананың болмауынан және жалақының мардымсыздығынан театрға жаңадан келген дарынды жастар тұрақтамайды. Жастарды баспанамен қам-тамасыз етудің жолдарын қарастыру жө-нінде Қ.Байжанов атындағы облыстық концерттік бірлестіктің бас директоры Талғат Ыдырысов өз ұсынысын ортаға салды. Ол: «Астана, Алматы қалаларында мәдениет министрлігінің арнайы жатақханалары бар. Бізде ондай мүмкіндік жоқ. Жастарға тым болмаса жатақхана керек. Өзіміздің тапқан қаражатымызға рұқсат берсе, жылына бір пәтер алсақ дейміз. Жоқтан бар жасайық деген ниет қой», — деген ойын жеткізді. Осы кездесуде өнер саңлақтарының ордасы болған, 80 жылдық тарихы бар Сәкен атындағы қазақ драма театрына «академиялық» атақ берілетін уақыт болғандығы жөнінде облыс әкіміне құлаққағыс етуді ұмыт қалдырғандай.

Бұған дейін облыстық мәдениет басқарма-сын басқарған Рымбала Омарбекованың тұсында облыста жиі республикалық, халықаралық деңгейде конкурс, фестиваль сияқты мәдени шаралар дүркіреп өтіп жататын. Жасыратыны жоқ, Р.Кенжебалақызы жұ-мысынан кеткеннен кейін соңғы екі-үш жылда облыс мәдениеті құлдырай бастады. Мәдениет басқармасының құлағын ұстауға сырттан келген басшылар Қарағанды атты үлкен облыстың мәдениет қазанын қайната алмады. Өнер адамдарын алаңдатқан осы жағдай-ды Жезқазған қаласындағы С.Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Досжан Жанбетов тамыршыдай дөп басқан. «Мәдениетке кездейсоқ адамның керегі жоқ. Соңғы жылдары мәде-ниет басқармасының басшылары жиі ауысып, тұрақтамай қойды. Облыстық мәдениет басқармасын басқару саласына Рымбала Кенжебалақызы сияқты жанашыр адам керек. Тағы бір айтарым, С.Қожамқұлов театры шалғайдағы қалада жатыр. Сондықтан Сәкен театрының тасасында қалып қалмай, өнер додасынан төрт дүркін Бас бәйгені жеңіп алған біздің де театрға көңіл бөліп қойғанын қалар едік», — деп, мәселені қабырғасынан қойды. Әкім көп ойланған жоқ, бірден «Мәдениет басқармасының басшылығын таңдауда дұрыс шешім қабылдаймыз», — деген жағымды жауабын берді.

Облыс әкімі елдің жағдайымен етене танысу үшін шалғай аудан, ауылдарды аралап жүргенін жұрт жақсы біледі. Шет ауданына қарасты, Ортау ауылындағы мектепке барғанында мектеп ұжымы жаңа мектеп салып беруін сұрайды. Аталмыш мектепте 62 оқушыға 42 мұғалім дәріс береді. Аудан орталығынан интернат ашып, балаларды сонда оқытқандарыңыз жөн десе, 42 мұғалім әкімге «Біз қайда кетеміз?» деп қиналыс білдіреді. Міне, бүгінгі күннің трагедиясы. Мектеп бар, мұғалім бар, бірақ онда оқитын оқушы жоқ! Сондықтан жастармен жұмыс жасап, ауылға тарту мәселесін мықтап қолға алу керек дейді әкім кездесу барысында.

Кездесу соңында әр сала өкілінің өтініш, тілегін, ұсыныс-пікірін мұқият тыңдаған облыс әкімі Бауыржан Әбдішев:

— Көкейлеріңізде жүрген мәселелер, әрине, бір күнде шешілмейді. «Мәдени мұра» бағдарламасының арқасында біраз мәселе шешімін табуға тиіс. Айтылған сын-ескертпе, ұсыныс, тілектеріңіз бәрі ескеріледі, — деп, рухы мықты елдің еңселі келетінін елге ұғындырды.

 
Yorum yaz / share.thought
Аймақтар айнасы  Diğer Başlıklar
Беске толған «Жарқын болашақтың» тартуы
Асқар Мырзахметов әкімдерден «емтихан» алмақ
“Жанкешті” алматылықтар және “жалмауыз” жанармай бекеттері немесе EnviroTabs “дәрісі” экологияны емдейді
Жылқыға жұт келген жоқ
«Бір адамның мүддесі үшін қарашаңырақты қаралау ақылға сыймайды»
Малыңа чип салып, монитормен бақ!
«Балапан» бағдарламасын орындаудың өз қиыншылықтары бар
«Түйені түгімен, вагонды жүгімен жұтқандар»
Әкім жолақыны 50 теңгеге төмендетті
Жүрекке сәтті жасалған ота
Полицейлерге 53 автокөлік берілді
Облыс әкімі Мұсахановтан бастап қазақ тілінде сөйлейді
Түріктен бауыр тапқаныма шүкіршілік етемін
«ТЕМІР ТҰЛПАРЛАР» САТЫЛАТЫН ОРТАЛЫҚ
Ішкі саясат ішіндегі «ілік» саясат немесе БАҚ-ты белден басқан басқарма
Бізді сыйламаған өзге этностарға ренжиміз бе, әлде...
Жалақыға зар болып, опық жегендер
«Құдыққа құлаған» құландық тәртіп сақшылары
Бюджеттің жыртығын арақпен жамау — масқаралық!
Рухы мықты елдің еңсесі биік
Сақ болыңыздар: телефонда «Алаяқ»
Кедендік одақ алкоголь саясатын өршітіп отыр
Қоғамдық көлік қызметінде ана тіліміз ақсап тұр
НАМЫСТЫ ҚОЛДАН БЕРМЕЙТІН ХАЛЫҚ ЕДІК
Қамшыбасар