«Арақ жеңе ме, қазақ жеңе ме?» — деп өзеуредік. Көп сөз шығындалды, көп іс тындырылды. Соның бәрі із-түзсіз кетті десек, жалған айтқан боламыз. Содан кейін нарық деген заман келді. Мұнда да таусылмайтын тақырып, түгесілмес хикая болып алдымыздан арақ проблемасы шықты. Рас, имандылыққа бет бұруымыздың нәтижесінде көңілге қуаныш сыйлайтын құбылыстар болғанын, яғни елдің біршама бөлігінің, оның ішінде жас буынның арақ-шараптан бойын аулақ салғанын да көз көрді. Осылайша көзқарас біршама өзгергенмен, одан қол үзіп кете алмаппыз. «Ақаңның» ұмытылып кетпеуіне, тіпті бұрынғыдан да кең таралуына түрлі себеп-сылтаулар таптық. Бұл жолы да маскүнемдікке қарсы майдан аша алмадық, нақты істен гөрі қызыл сөзге кезек бердік. Соларды тыңдап отырсақ, мәселе арақта емес, адамның өзінде, арақ дегеніміз кедейдің, жалқаудың серігі, еңбектен қашқанның ермегі, яғни әлеуметтік сипаты бар, ал бай-бағландар оған онша қызықпайды, тек ем үшін, мәселе шешу үшін стакан соғыстырады-мыс. Енді біреулер «Бюджеттің жыртығын сонымен жамаймыз, кем-кетігін сонымен толтырамыз, кейін жағдай түзелгенде арақ-шарап өзі-ақ ығысып қала береді» деп ақыл қосқан болды.
Араққа салынғанның да, арақтан арылғанның да, арақты алғаш ауызға алғанның да айтар уәжі, ақталар сөзі дайын. Жаппай кедейшілік, жұмыссыздық белең алған тұста «ащы судан» ғана жаны жай табатын «жайсаңдар» шықты. Қазақ «бомждары» көбейе түсті. Соны көре тұра баяғыша қисынды-қисынсыз пікірлерді бірінен соң бірін тоғыта бердік. Мұның біразы қазақтың қазіргі сөздік қорынан ойып орын алған да шығар. Бірақ сол сумаңдаған сылдыр сөз ұлтымызды ащы судан келер кесірдің ешқайсысынан да арашалап ала алмады. Қайда жүрсек те арақ жанымыздан табылды, баяғы Кеңес дәуірінің сапасы жоғары арағының орнына қолдан жасалған қойыртпақ арақ-шарап қаптап кетті. Ол талайлардың тағдырын тас-талқан етіп, болашағына, ең бастысы, денсаулығына балта шапты.
...Кешегі жаппай жекешелендіру науқаны еске түседі. Сонда осы арақ-шарап өндірісін жекеге беруге болмайды, оны бақылап, шектеп, реттеп отырмасаң, қоғамда ертең қатерлі құбылыстар туындайды деген тұрғыда ескертулер аз айтылған жоқ. Әсіресе, ұлттық БАҚ ұлардай шулаған. Бұған билік құлақ аса қойған жоқ. Олардың айтуынша, нарық деген өзінің жазылмайтын, жазылмаса да ешқашан жаңылмайтын заңдарымен өмір сүреді, сұраныс қандай болса, өндіріс солай болады екен. Ал араққа сұраныс азайған жоқ. Мұның бәрі біздің араққа қарсы жүргізген күресімізді, қарсы әрекеттерімізді мүлдем жоққа шығарды деуге болады.
Көз алдымызда арақ зауыттары жекешеленіп, сапасыз арақтар көбейді, олар бұрыш-бұрышта, қуыс-қуыста сатылып жатты. Ал адамды, оның ішінде нарықтың асау толқынында қайығы қалтылдаған қазақты арақтан арашалау дегеніңіз мүлде сөз болмай қалды. Тіпті отбасында ойран салғанды, көшеде көрінгенге тиіскенді мүсіркейтін мінез де таптық. «Мына заманда қайбір жетіскенінен ішіп жүр дейсің, ер-тұрманы түгенделмей жүрген бір бейбақ шығар-ау», — деп жұбатқан болдық. Бұрын «маскүнем әйелдер, қазақ бомждары» деген ұғым жоқ еді, енді сондай әлеуметтік топтар пайда болды. Арақ зауыты жоқ облыстардың бәрінде өз кәсіпорындары ашылыпты. Сөйтіп, дүкендеріміздегі өзіміз өндіретін басты тауар осы арақ болып қалғандай еді.
Билік басындағылар, заң шығаратын орындар маскүнемдік мәселесін, арақ-шарап тақырыбын еске алмайтын немесе айналып, орағытып өтетін болды. Нарық бәрін өзі реттейді деген күмән-күдік келтіруге көнбейтін қасаң әрі қате қағида үстемдік етті. Соған сүйеніп, ештеме ойламай, шөп басын сындырмай отыра беруіміз керек еді. Солай болды да. Ендігі жерде олай отыра алмасымыз айқын болып тұр. Неге?
Жуырда беделді бір басылымнан осы саладағы кейбір мәліметтерге көзім түсті. Қазақстан арақ-шарап тұтынуда әлемдегі алдыңғы орындардың біріне шығыпты. Еліміз әлемдегі 188 елдің ішінде арақ-шарап тұтыну жөнінен 34-орында екен. Яғни өте жоғары орында тұрмыз. Өкінішті. Салыстырып қарасақ, көршілес әрі туыстас Орталық Азия елдерінің бәрі де алкоголь тұтынуда соңғы орындарда екен. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы алкоголь тұтынудың шекті деңгейі жан басына шаққанда 8 литр дейді. Бұдан әрісі азып-тозып кетуге апарып соғатын көрінеді. Ал біздің Қазақстанда бұл көрсеткіш 11 литр шамасы екен. Мұны мойындамасқа бола ма? Күнделікті өмірде көріп те жүрген жоқпыз ба? Ең қиыны, біз қауіпті шектен, қатерлі белдеуден асып тұрмыз ғой.
Әнебір жылдары заңды қатайту, түрлі тыйым салу, тойлар мен салтанатты жиындарды, ресми отырыстарды арақ-шарапсыз өткізу тәрізді бастамалар болғаны есімізде. Ұлттық мерекеміз – Наурызды да арақ-шарапсыз өткізіп көрдік. Бәрі де орынды еді. Соның бәрі күткендегідей нәтиже бермесе де, біршама етек-жеңді жинап, ес жиып қалып едік. Сол бағытпен алға басу керек еді. Кейін жайбарақат қалыпқа қайта түстік. Қазіргі қарекеттеріміз соны айғақтайды. Жоғарыдағы адам шошитын цифрлар мен фактілерді қаперге алып отырған жоқпыз. Әрине, қол қусырып қарап жүрміз дей алмаспыз. «Саламатты Қазақстан» деген бағдарламада біраз жайттар қарастырылған. Басқа да шаралар бар. Бірақ көңіл көншітерлік деңгейде емес. Бізде кешкі сағат 23.00-ден таңғы сағат 08.00-ге дейін арақ сатылмайды деген норма бар. Бірақ оның сақталады деп айту қиын. Арақ тәулік бойы сатыла береді. Арағымыздың бағасы да Кеден Одағы елдеріндегі ең арзаны көрінеді. Әрине, бағаны құр қымбаттата беру де айтарлықтай нәтиже бермейтінін бұрынғы кездің тәжірибесінен білеміз. Сонда да...
Қалай дегенмен маскүнемдікке қарсы күрес толастамауы тиіс еді.