Оның дәлелі ретінде ғалым кощейлік образдың ең көп тараған жері славяндардың осы тармағының фольклорында екендігін алға тартады.Оның дерегінше, Кощей-Винитари 375 жылы 110 жасында дүние салыпты. Бұл айтылғандар археологиялық жәдігерліктер мен славяндық, сонан соң германдық фольклор мен әфсаналық мәліметтерді салыстыра талдап, бір жүйеге түсірілгеннен кейін ғана ұсынылып отырған зерттеу еңбек екенін еске салған ғалым, жалпы, халық жадында сақталып қалған Мәңгілік мифтік тұлғалардың елдегі саяси ахуалдардың өзгеріске түсуіне байланысты бірінен екіншісіне, көшіп жүре беретін ауыспалы қасиеті бар екенін қаперіне де алмайды. Мәселеге осы тұрғыдан қарасақ, Кощей – алғашқы кезде «жеңілу дегенді білмейтін», «жүз жасаған» көнегермандық корольдің прототипі ретінде пайда болуы әбден мүмкін. Бірақ, бұл көнегермандық корольдің халық қиялындағы өмірі осымен аяқталды дегенді білдірмесе керек. Қалай дегенде аймақтағы саяси ахуалдың орын ауысуымен (мәселен, биліктің ауысуы немесе жердің қолдан қолға өтуі, т.б.) оның халық қиялындағы өмірі, кощейлік образы бір-бірімен ұқсас, бастан өткен оқиғалары ортақ, типтік мінездері біртекті келесі бір корольге немесе патшаға ауысу мүмкіндігін ешкім жоққа шығара алмайды. Мұндай сюжет ауысу, типтер алмасу процесі – фольклор мен ауызша әдебиетте жиі кездесетін жағдай. Мысалы, қазақ ертегілерінде көп сөз болатын Алдар Көсені алайық. Алдар туралы ондаған, тіпті жүздеген аңыз бар. Бірақ, осы аңыздардың бәрі жалғыз адамның (Алдардың) басынан өткен шытырман оқиғалар тізбегі дегенге кім сенеді? Шын мәнінде, оның басынан өткен оқиғалардың аралық уақытын ондаған, жүздеген жылдар бөліп жатуы мүмкін. Тіпті кейбірі ойдан шығарылған аңыз–әфсана болуы да ғажап емес. Бірақ бір адамның бойында жинақталған. Түркілік Қожанасыр әпенді туралы да, славяндық Иван Дурачок туралы да, сондай-ақ қырғыздың Манасы жөнінде де осыны айтуға болар еді. Бұл жайлы Ш.Уәлиханов былай дейді: «Манас» бір кезеңге және бір адамның – Манас батырдың төңірегіне топтастырылған барша халық ертегілерінің, хикаялары мен аңыздарының, география, дін және салт-сана, әдет-ғұрып жөніндегі түсініктерінің энциклопедиялық жинағы». Қазақ ғалымының осы пікірімен манастанушылардың барлығы бірауыздан келіседі.
Ал Кощей бейнесі ертедегі славяндардың образдап ойлап, жеткізудің өзіне тән көрінісі ғана емес, Кощей образы арқылы барлық Русь жауларын әжуалаудың өзіне тән әдеби-көркемдік әдісі де.
Алайда оның кімнен кімге – көнегермандық образдан көнетүркілік образға ма, әлде керісінше көнетүркіліктен көнегермандық образға ауысты ма, бұл әлі тыңғылықты зерттеуді қажет ететін принципті мәселе. Бұл – бір.
Екіншіден, айтыңызшы, адам қанша жерден алып күштің иесі болса да, жүз жасында (Германарих-Кощей) қолына қару алып, майдан даласында үлкен ерлік көрсете алуы мүмкін бе?..
Зерттеу еңбекте бұл сұраққа тиісінше жауап қайтарылмаған. Біздіңше, осы мәселелер ғалымдар айналысатын келесі зерттеулер объектісінің негізгі тұздығы болуға тиіс.
Біз өз тарапымыздан мәселеге үлес қосу мақсатында кейбір тарихи деректерді електен өткізудің еш сөкеттігі жоқ деп ойлаймыз. Зерттеу еңбектеріне көз жүгіртсек, көнегермандық гот тайпасы ІІ-ІV ғасырларда Азаулы мен Қара теңіздің терістігіндегі далада өмір сүріп, алғашында сармат-аландармен, ғұн-қондыгерлермен тығыз байланыста болған деген дерек келтіреді. Мәселен, ғалым Д.Шелов 250-270 жылдары Боспор айлақтарын пайдаланып, гректерге жорық жасаған тайпалардың ішінде герулер мен борандармен қатар готтардың да болғанын жазады. Исланд фольклортанушысы Б.Гудмундссон «Асстар туралы мифті» (герман–скандинов мифологиясындағы тәңірлердің жалпы атауы) Капказдан Исландияға (исланд халқы өздерін «исландиргар» деп атайды) алып келген германдық герул тайпасы деп есептейді. Ал кейбір зерттеушілер осы герул тайпасын германдық топқа жатқызбайды. Сондай-ақ, оның славян тектес тайпаға да жатпайтыны дәлелденген. Германдық та, славяндық та болмаса, сонда герулдер кім?.. Міне, осы жерде бұл тайпаның тегі “көнетүркілік” емес пе деген ықтималдығы келіп шығар еді... Біздікі қазірше жорамал ғана. Осы герулдер мен готтар бір-бірімен тығыз байланыста отырып, сармат-аландармен жақын араласта болғаны ғылыми әлемге жақсы мәлім. Бұл не деген сөз? Бұл – герман мифологиясы мен аңыз-әпсаналарында Дала элементінің болғандығын мойындау деген сөз. Сондықтан осынау германдық этностардың “түркілік ықтималдығы” туралы сөз қозғамасақ та, олардың славяндармен қатар түркітілді қауымдармен көрші тұрып, араласып, керек кезінде олардан бірдеме алып, бірдеме беріп, ауыс-түйіс болу мәселесінің мүмкіндігі негізсіз дей алмасақ керек.
Орыс тарихының атасы Н.М.Карамзин өз еңбегінде ХVІІІ ғасырдағы герман тарихшылары арасында «готтор бір кезде солтүстік қаратеңіздік далаларда тұрған” деген пікір болғандығы туралы айта келіп, Иорданның жазбаларында готтардың Қара теңіз жағалауына тек ІІІ ғасырда Балтық жағалауынан келгені туралы дерек бар екенін көрсетеді. Ал тарихи зерттеулер гот, герул, бургунд тайпаларының 230-275 жылдар аралығында осы аймақта тұрғандығына куәлік етсе де, тұрғылықты халық болмағандығын дәлелдейді. Бір қызығы, Карамзин готтардың неміс ғалымдары дәлелдегендей, ІІІ ғасырдан да бұрын осы аймақтарда болу мүмкіндігіне күмәнін білдірсе де, мынадай деректі жасырмай өтеді: «в одной греческой, так называемой Пасхальной летописи говорится, что Траян в 106 году воевал с персами и готами». Император Траянның өмір сүрген уақыты І ғасырдың аяғы мен ІІ ғасырдың басы. Бұл уақытта ресми тарихтың мәліметі бойынша, готтар Далалық аймаққа әлі келмеген,олар Азаулы аймағына аталған оқиғадан соң 100 жылдан кейін аяқ басады. Сонда қайсысына сенеміз – көне жылнама дерегіне ме, әлде эррозияға ұшыраған ресми тарихтың мәліметіне ме?.. Қалай дегенде де парсылар мен готтар күш біріктіріп римдіктерге қарсы соғысу үшін территориялық көршілік керек екені өзінен өзі түсінікті болса керек.
Егер Карамзин келтірген жылнамалық мағлұмат шындық болса, онда б.з. 95-105 жылдары готтар мен парсылар, парфиялықтар бірігіп римдіктерге қарсы соғысқан болып шығар еді. Ал, ресми тарих готтардың бұл аймаққа аяқ басуын жүз жылға кейін шегереді. Біздің ойымызша, готтар мен герулдер б.з. І-ші ғасырда да, одан кейін де Батыс далада тұрып азиялық этностармен, оның ішінде әсіресе көне түріктерімен тығыз байланыста болып, олардан көптеген мәдени-әдеби үлгілерді үйреніп, кейіннен батысқа қоныс аударғанда мифтер мен аңыз-әпсаналарды өздерімен ала кеткен деп жорамал жасауға болатындай. Тіпті, “гот” есімін осы аймақта жүргенде Далалықтар беру мүмкіндігін де естен шығармауға тиіспіз.
Мұны неге айтып отырмын? Өйткені, кощейлік образдың готтарда болуы оның көнегермандық кейіпкер екендігінің көрсеткіші бола алмайды. Оған дәлел, Кощей, ең алдымен, славяндық ұғым, ертедегі Руське жау күштердің бір адамның бойына жинақталған жиынтық бейнесі. Бұл образдық есімнің тууына герман этностарының ешқандай қатысы жоқ. Сондықтан Кощей туралы жалпыславяндық түсінік өзінің бастапқы уақытында емес, б.д. IV-V ғасырларда түркі-қондыгерлермен тығыз байланысқа түсіп болған соң қалыптасуы әбден мүмкін. Ал кощейлік прототиптің герман әпсаналарында көрініс табуы одан кейінгі уақыттың жемісі болса керек.
Бір анығы, қалай десек те, Кощей тегін кісі болмаған. Заманында достары түгілі қастарын да өзін сыйлауға мәжбүр еткен әмірші қалай осал болсын! Ал оның атына жалғанған «бессмертный», яғни «ажалсыз» анықтауышына келсек, мұның да негізсіз еместігіне көз жеткіземіз. В.Балдақтың жазуынша, Винитаридің өмірінде бірнеше рет қайталап тірілу оқиғасы орын алған екен. Корольдің жас кезінде өз сарайында кепілдікте болған росстар князының әйелін көпшіліктің көзінше асқан қатыгездікпен дарға асыпты. Бірақ не себептен бұндай қатыгездікке барғаны туралы кітапта айтылмайды. Осыған ерегіскен ханшайымның кекшіл інілері оны бір қапылыста ебін тауып жайратып салса керек. Корольді өлді деп ойлаған туыстары әміршіге лайық барлық сән-салтанатпен жер қойнына тапсыруға дайындала бастайды. Дәл көму рәсімінің үстінде Винитари кенет тіріліп кетіпті. Шамасы, Кощейге «бессемертный» деген лақап аттың берілуі осындай оқиғалармен байланысты болса керек деп шегелейді ойын кітап авторы.
Бұл айтылғандардың шындыққа қаншалықты жақындайтынын қайдам, алайда Кощейдің орыс князының қызы Добрынинаны (немесе Алена) тұтқында ұстап, оны өзіне жар етіп алу оқиғасын бейнелейтін көптеген былиндердің (әпсаналардың) осы күнге дейін жеткені рас.
КОЩЕЙ БЕССМЕРТНЫЙ ЖӘНЕ ПЕШЕНЕК-ҚОНДЫГЕРЛЕР
Бірақ король Винитаридің “өліп-тірілуі” қаншалықты әсерлі, қызықты оқиға болса да, соншалықты сендірмейді. Тек кощейлік прототипті өзінікі етіп “меншіктеу” үшін ойдан шығарылған, жасанды сюжет екені аңғарылады.
Осы орайда мынадай бір тарихи оқиғаны айта кетудің реті келіп тұр. Біздің дәуірімізге дейінгі II-III ғасырлардан белгілі болып келе жатқан қаңлы //қаңғар тайпасының Арал теңізі маңындағы бөлігі б. д. VII-VIII ғасырларда қаңлы// пешенек атана бастайды. Бір тайпалық одаққа біріккен ел аяқ астынан неге екіге жарылды деген заңды сұрақ туады. Біздің пайымдауымызша, бұлардың негізгі таласы билік немесе жер үшін емес, дінге байланысты туындаған тәрізді. Оңтүстіктен баса-көктеп келген ислам дінін қабылдаудан бас тартқан қаңлылардың бір бөлігі пешенек (орыстар – печенеги, византиялықтар – пацинак, арабтар – бажнак деген) атанып, Сыр бойынан үдере көтеріліп, араб үстемдігінен шалғайға — Еділ мен Жайыққа қоныс аударады. Осы жерде олар әйгілі Қазар (Хазар) қағанатына қарайтын көшпелі руларды бір тудың астына біріктіре бастайды. Ортағасырлық аты белгісіз парсы географының “Худуд Аль-Алам” (Әлем шекарасы) атты еңбегіндегі деректерге сүйенсек, Арал маңынан жылжыған қаңлылар тап осы жерде, яғни Еділ-Жайық аралығында бажнак-түркі және қазар-түркі болып тағы да екіге бөлініп, екі бағытта жылжиды. Б.д. Х ғасырда қазар-түркілер Терек, Кубан өзендері мен Солтүстік Кавказ даласына, ал пешенек-түркілер Еділ мен Батыс Қазақстанға жайғасады. Соңғылары осы құнарлы өлкеде біраз жыл тұрып, күш жинап алған соң, қайта қозғалады. Олар Еділ-Жайықтан өтіп, жолына қарсы тұрған мажарлар мен қазарларды ығыстыра отырып, Дон өзені мен Азау теңізінің жағалауына дейін жетеді. Бұл көші-қон жорығын қаңлы //пешенектердің Қорқыт, Қай, Байша (байырғы Баегу, қазіргі Байұлы) тайпалары бірігіп жүргізеді. Араб тарихшысы Ибн-Фадланның “Еділге саяхат” атты жазбасына (922 ж.) сүйенген ғалым Қуандық Әбдіразақов “Бұлар қазіргі кіші жүз ішіндегі алшын мен алты ата әлім рулары мен оларға көршілес қарақалпақ тайпалары еді”, — деп («Ақиқат», №9, 2012 ж.), біздің бұл реттегі ойымызды бекіте түседі. Сөйтіп, 915 жылы Мәскеу князы Святославпен келісімге келген пешенектер ежелгі славян тайпаларымен көрші қоныстанады. Осы пешенек, славян, герман тайпалары бірігіп, 944 жылы Византияға әскери жорық жасағаны да тарихтан мәлім. Бірақ, қаһарлы пешенектер 965 жылы Мәскеумен мәңгілік достастық одақты бұзып, тағы екі жылдан соң бұрынғы одақтасына соғыс жариялайды. Оған князь Святославтың екіжүзді саясаты себеп болған. Ол византиялықтармен астыртын келіссөз жүргізіп, пешенектерге қарсы коалицияға кірген болатын. Ал пешенек ханы Бөрі Қорқыт Мәскеу князының мұндай екіжүзділігін кешіре алмады. Ақыр соңында шығыс славяндарды біріктіріп отырған Мәскеу патшалығын жермен-жексен етіп қиратып, князь Святославтың басын алады. Сол уақыттан хабар беретін аңыз бойынша, пешенектердің ханы Бөрі Қорқыт Святославтың бас сүйегінен жиегін алтындатылған табақ жасатып, сусын ішуге пайдаланыпты-мыс. Ал орыс жылнамалары пешенек-орыс соғысы 60 жылға созылғандығынан дерек береді.
Осыдан кейін-ақ мұсылман пешенектер (олар исламды 922 жылы қабылдаған) християндық Византияға әскери қысым көрсете бастайды. Бір қызығы, пешенек–қаңлылармен бір мезгілде осы мемлекетке оңтүстік-шығыстан салжұқ–қаңлылар шабуылдай бастаған болатын...
Үш жүз жылдай ежелгі орыс даласында әкелік әмірін жүргізген қаһарлы пешенектер XI ғасырдың екінші жартысынан бастап Дунай мен Ертіс арасындағы өзінің гегемондық саясатынан айырылып қалды. Өйткені бұл кезде тарих сахнасына тағы бір түркі тайпасы – қыпшақтар шыққан еді.
Әйгілі Шыңғыс шапқыншылығынан кейін бүкіл түркі тайпалары 92 баулы қыпшақ атанды да, қазақ халқының құрамына енген рулар да жалпы атаумен қыпшақтар деп атала бастады. Ал қыпшақ атанған тайпалардың орыс, византия жылнамалық жазбаларынан көріне бастауы, шын мәнінде олардың Еділ мен Дон өзендері аралығын жайлаған осы қалың қаңлы //пешенек тайпаларымен одақтас болуымен байланысты. Сондықтан монғол-татар шапқыншылығынан бұрын-ақ өз тайпаластарынан бөліне көшіп, Еділ мен Дон аралығында славяндармен көршілес жайғасқан, орыстар – половцы, византиялықтар – куман деп атаған қазіргі кіші жүздің алшын-әлім-байұлы рулары мен қарақалпақтарды қыпшақтар деп атау қайсыбір тұрғыдан қисынды көрінгенімен, бұлардың шын тарихи аты — қаңлы// пешенектер болатын. Бұл жөнінде толығырақ мағлұмат алғыңыз келсе, орыс ғалымдары С.П.Плетнева мен Ю.Артамоновтың еңбектерін қарауға кеңес береміз.
Бұл тарихи оқиғаларды соншама тәптіштеп, неге айтып отырмыз?
Өйткені аталған пешенек тайпалары үскірік боран мен қақаған аязда қазіргі Украинаның жазық даласында киіз үйде қыстап шығуы, славяндар мен византиялықтар үшін таңқаларлық, түсініксіз жағдай болды. Міне, осы көш үйлер сол замандағы орыс аңыздары мен әпсаналарында айрықша орын алып, біз сөз етіп отырған Кощей Бессмертный деген жағымсыз құбыжық мифтік бейнені қалыптастырған сияқты. Бұл сөзімізді орыс оқымыстысы Н.Трубецкойдың мына сөзі де дәлелдей түседі: “Татар-монғол езгісі” Ресей үшін қайырлы болды. Мәскеу патшалығы Татар езгісінің арқасында құрылды. Мәскеу патшалары “орыс жерін біріктіріп үлгерместен” Ұлы монғолдардың батыстағы ұлысына иелік ете бастады... Керек десеңіз, пешенектердің орыс халқына көрсеткен жауыздықтарының алдында, монғол-татарлардың “езгісі” түкке де тұрмайды”. Осы сөздерден-ақ пешенектердің орыстарға тізесі қаттырақ батқандығын аңғаруға болатындай. Ал пешенектердің бұл “жауыздығы” славяндардың санасында мәңгілік сіңісіп, сақталып қалса керек.
Бұдан шығатын қорытынды, орыстар арасында Кощей Бессмертный деген жағымсыз құбыжық бейнелік ұғымның алғашқы пайда болу уақыты осы IX-X ғасырларға тиесілі дей аламыз. Ол пешенек тайпаларының орыстар үшін «аяу қиратқыш дегенді білмейтін қайырымсыз», сонымен бірге «өмір сүргіш» іс-әрекетімен байланысты болуы әбден мүмкін. Өйткені, қақаған аязда қатып, үсіп қалмай, арба үстіндегі киіз үйде қыстап қатып шығуы өз алдына, славян қалаларын тып-типыл етіп қиратып, қырғынға ұшыратқан, сөйтіп славяндар арасында үрей туғызып, зәре-құтын қашырған тап осы пешенек // қондыгерлер болатын. Ал кощей сөзінің түбірі көшу, көшші, көшпенді, көш үй болу мүмкіндігін дәлелдеген Олжас Сүлейменов: «...Осы сөздер оғыз тіліндегі koc ev – “күймелі арба”, “киіз үй”, сөзбе-сөз алғанда “көшпенді үй”, “көшуші үй”, “дөңгелек күймелі арба” сөзінен алынғанын алға тартады. Бұл күрделі сөз бүкіл славян әлеміне мәлім емес еді, тек шығыс славян тілдерінде ғана терминге айналған, сол жерден поляк, одан әрі герман тілдеріне енген. Қолданыстың осыншалық шектеулігі бұл сөздің жақында ғана, XV-ХVI ғасырда енгендігін білдіреді», — дейді (О.Сүлейменов. “Атамзаманғы түркілер”, Алматы, 2004 ж.). Біздің ойымызша, бұл сөз IV-V ғасырларда пайда болып, IX-X ғасырларда, яғни пешенектер заманында қолданыс аясы кеңейіп, келе-келе XV-XVI ғасырларда шырқау шегіне жеткен сияқты көрінеді.
БІР АЙТЫСТАН ТУҒАН
ТАРИХИ ШЫНДЫҚ
Үш ғасыр бойы славистика ғалымдары Далаға империялық көзқарас тұрғысынан қарап, танып келді. Шындығында, Ресей метрополитеті әлі күнге тәуелсіз Қазақ елін өзінің вассалы деп есептейді. Ал Русь пен Даланың өзара саяси-рухани, мәдени қарым-қатынасының сипатына қарап отырсаңыз, тарихи оқиғалар мен тілдік деректер мүлде басқаны көрсетеді. Мысалы, интернационализмді ресми идеология ретінде енгізіп, Дала тарихы мен түркі сөздерін бұрмалауға, танымауға деген ұмтылыс шырқау шегіне жеткен кезде жазылған «Қыпшақтар мен Русь» (1946 ж.) аталатын мақаласында А.И.Попов: «Соңғы мыңжылдықта орыс тіліне ауысқан түркі сөзі небәрі үшеу ғана, олар: курган, ватага, кумыс», — деген пікір білдірген. Көне түріктердің Руське мәдени ықпал етуі мүлдем елеусіз болғанын дәлелдеу үшін арнайы тапсырыспен жазылған бұл мақала Далаға жасалған кезекті басқыншылық шабуылдың бірі болатын. Сондықтан болу керек, бұл пікірге славистика ғылымында әлі күнге дейін беделді тұжырым ретінде ден қояды. Міне, Поповтың осы пікіріне білікті түркітанушы, ардақты ақын Олжас Сүлейменов «Азия», «Атамзаманғы түркілер» атты еңбектерінде күйрете соққы берген болатын.
Ал «кощей» сөзіне келсек, көріп отырғаны-мыздай, Попов оны түркі лексемасымен байланыстыруды мүлде қаперіне де алмаған сияқты.
Кім айтқаны есімде жоқ, сөз деген заттар мен құбылыстардың атауы ретінде пайда болады да, солармен бірге жоғалады дегені бар. Құп рас. «Кощей» сөзінің тағдыры да дәл осындай тарихи жағдайдың кебін киді деуге болатындай.
Түркологтарға белгілі, қазақ тілінде түбірі көш//көшу болып табылатын көшші, көшпелі, көшпенді сөздері бар. Көптеген тіл білімнің білгірлері біз бүгін қарастырып отырған Кощей сөзінің түбірі тап осы – көш//көшу дегенге тоқталады. Мұндағы – ей (и) рефлексі жалпылық есімі білдіретін жалғау ғана. Сол секілді Х-ХІ ғасырларда қыпшақтардың басымдыққа ие болуы себепті Даланың барлық тайпалары қыпшақтар деп аталғаны мәлім. Оны араб-иран жылнамашылары Дешті Қыпшақ деп таныған болатын. Бұл атау ХVІ ғасырға дейін сақталып тұрды. Осынау Дешті Қыпшақтың осы одаққа кіретін батыс бөлігі – беріш тайпасы санының көптігімен де, ерекше жауынгерлік үлгісімен де көзге түсіп, сол үшін де орыс жылнамашылары қыпшақтарды кейде буревичи деп жазып қалдырғанын ғалымдар түгел мойындайды. Бұдан шығатын қорытынды, кощей сөзінің де қазақ тіліндегі нұсқасы – көшші//көшпелі//көшпелілер, орыс тіліндегі нұсқасы – кочевье//кошевник//кочевник-кочевники мағынасын білдіріп, далалық тайпалардың жалпылама атауы ретінде пайда болған есім сөз екендігіне көз жеткіземіз.
Сондай-ақ, «құдай сүйетін қылығы жоқ», «дінсіз» (нехрист) кощун, кощунство сөзінің түбірінде де осы көш сөзі бар.
1902 жылы Мелиоранский «Игорь полкі туралы жырдағы» түркі сөздері туралы Коршпен айтысып қалады. Ол кощей деген сөздің этимологиясын талдай келіп, оны қырғыздың «серік», «қызметші», «атқосшы» мағынасындағы кощчы сөзінен шыққан деген болжам ұсынады. Бұл ұсынысты «Орыс тілінің этимологиялық сөздігі» атты еңбектің авторы Фасмер бастаған жоғарыда аттары аталған жырды аударушылардың бәрі бірауыздан қолдай кетеді. Сөздік авторы «кощей, кощий – отрок, мальчик, пленник, раб из тюрк; кощчи-невольник от көш-лагер, стоянка» деп түсіндіреді. Сөйтіп, жырда кездесетін «Княздың ер тоқымынан кощейдің еріне ауысып отырды» деген тіркес «князьдың ер-тоқымынан құлдың ер-тоқымына ауысып мінді» деп аударылатын болды. Сол секілді «Стреляй, господине, Кончака, поганого кощея» деген сөйлемдегі (князь Святослов Киевский князь Ярослав Галицкийге қарата орыс жері үшін кек алуға шақырғанда айтқан сөзі) «поганий кощей» Кончак тиісінше «поганый раб» делінетін болды. Князь Игорьді, Всеволдты, басқа да азуы алты қарыс орыс княздарын тас-талқан етіп жеңіп, жеңімпаз болып шыққан Кончактың ешқандай «тұтқын» да, «құл» да, «қолбала» да болуы мүмкін еместігі кез келген қара танитын балаға аян емес пе?! Даланың арда ұлы Кончак бар болғаны Русьтің «қарсыласы», «жауы» ғана еді. Тіпті, белгілі бір тұрғыда ол Ежелгі Руське «господин» – қожайын болатын. Өкінішке орай, қазір бұлай ойлау – бөтен ойлаушылық, екі ұлттың арасына сына қағушылық деп түсіндіріліп, айыпталады.
О.Сүлейменов бұл қателіктің шығуына орыс үшін ұқсас естілетін, дыбысталуы бірдей қырғыздың «атқосшы», «жұп», «қос», «жалшы» мағынасын білдіретін қош сөзі мен қазақтың көш (кочевье) деген сөзі және осылардан туындайтын кошчи (қосшы) мен көшшіні (кочевник) шатастырып алуы себеп болған деп түсіндіреді. Бірақ, орыс арасынан шыққан, еуропацентризм идеясын жанына жақын тартатын алғашқы түрколог ғалымдардың мұны бір бармағын бүгіп отырып, әдейі шатастыру үшін жасаған амал айласы екендігі туралы Олжекең жақ ашпайды. Ол түсінікті де. Бұдан шығатыны: Қайалы жағасында масқара жеңіліске ұшыраған Игорь «әсем безендірілген» князьдың атынан түсіп, көшпендінің атына ауысып мінген. Князь Святослав Киевский «поганый кощей» деп өзі тілдейтін хан Кончактың – «жексұрын көшпендінің» тұтқыны болған еді.
Олжас Сүлейменовтың пікірі бойынша, көш сөзі сонау ХVІІІ ғасырға дейін етістік те, есімдік те қызметтерін атқара берген. Айталық, қазақтың жоңғар шапқыншылығына қарсы соғыстан хабар беретін «Қаратаудың басынан көш келеді...» атты әні бар. Осындағы көш сөзі етістік те, сонымен бірге есімдік те формасына қолданылып тұр. Одан әрекет иесінің есімін білдіретін көшші сөзі де жасала береді.
Мұндай жағдай тілдер пайда болғалы жалғасып келеді. Бір сөздер пайдаланудан мүлде шығып қалады, екінші бір сөздер басқа жаңа сөздердің пайда болуына негіз болады. Тек оны «өтірік болжамдар» мен «жалған тұжырымдардан» ажыратып ала білу аса маңызды. Міне, кощей сөзі осындай идеологиялық текетірестің, анығырағы түркілердің Руське ықпалы мүлде елеусіз болғанын дәлелдеу мақсатында орыс тілінен түркі сөздерін «тазарту» үшін әдейі ойлап табылған аңыздың қанжығасында құрбан болып кете жаздаған сөз. Мұның көнеқазақ сөзі екенін жаны шырқырап дәлелдеп берген О.Сүлейменовке алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ал тоталитарлық улы саясаттың құрбаны болып, өз түпкі отанына қайта алмай жатқан түркі сөздері әлі қаншама десеңізші!
Айта кеткен жөн, Кощейді – кешше, кеще, қыңыр, қырсық сөзімен байланыстырғысы келетін ғалымдар да бар. («Қ.Ә.», 22 қазан 2010 жыл). Бұл жағдайда Кощей Бессмертный – «мәңгі ақымақ», «мәңгі қыңыр» мағынасына ие болады да, өзінің түпкі мәндік тегінен ажырап қалатын сияқтанады. Яғни бұл болжам ешқандай логикаға сыймайды. Бірақ сөздердің кері теориясына салып көрсек ше? Түркі тілінен орыс тіліне енген көшші-кочевниктің алдымен осы тілде әбден орнығып, сіңіп қалыптасып алғаннан кейін, бұл сөздің көп жылдардан соң қазақ тіліне енді кешше, кеще формасында қайта оралып, сіңісуі ықтимал. Екі халық мыңжылдап аралас-құралас тұрып жатқан жерлерде жиі кездесетін қостілділік жағдайында мұндай комбинациялардың жүзеге асуы әбден мүмкін және мұндай сөз алмасулар мен қайталанулар ешкімді де таң қалдырмайды.
Айтпақшы, орыс тілінде Кочубей деген есім сөздің бар екенін білеміз. Ол Кочубейлер әулет есімімен белгілі. Қырым татарлары арасынан шыққан бұл әйгілі әулеті мүшелерінің бірі ХVІ ғасырда Украинада православ дінін қабылдап, Андрей Кочубей есімімен патшаға қызмет етуге кіріседі. «Кочубей» сөзінің этимологиясына келсек, ол кочу және бей деген екі сөзден құралған. Мұндағы кочу көне түркі тіліндегі көш//көшу//көшші//көшпенді сөздерінің (кочевник) негізінде жасалғаны көрініп тұр. Ал, бей – түрік тілінде бай, бек, мырза, би, сұлтан, хан (қан) мәнін білдіретін қосымша сөз, бұл есім сөздер Осман түріктері, әзірбайжандарда жақсы сақталған. Мысалы, Мустафабей, Юсуфбей, Арзубек тағы басқа. Оның қазақ тіліндегі баламасы тиісінше – Жиенбай, Келдібек, Ақмырза, Бексұлтан, Төлеби, Пәзілхан тағы тағылар.
Бұдан шығатын қорытынды, ежелгі Русь өзінің Далаға деген пиғыл-ниетін осы «жексұрын, дінсіз» әу бастан Көшші-Кощей, кощиево образы арқылы жеткізуді мақсат тұтқандығы байқалады. Ал осы орыстар өлгенше жек көретін «поганый Кощей», «раб кочевник» дегендер кім еді? Олар – қондыгер – қаңлылар, қыпшақтар, түріктер, монғол-татарлар, башқұрттар, (Батыс тарихшылары «көшпенділерді» «татарлар» деп те, «түріктер» деп те жаза береді) тағы басқа түркі тектес ұлттар еді, жалпақ әлемге әкелік әмірін жүргізген біздің бабаларымыз болатын.
БАЛАСЫН БАБАСЫНА ҚАРСЫ ҚОЮ
Айтыңызшы, қазақ баласын өз бабасына қарсы пайдалануға бола ма? Өз тарихына өшпенділікпен, жиіркенішпен қарауды ұйымдастырып, жеккөрушілікпен тәрбиелеуге бола ма? Өз тарихынан өз ұрпағын теріс айналдырып, өз бабасына өз ұрпағын қарсы қою арқылы тәрбиелеу, «орыс жері үшін» өш алудың ұрығын себу не үшін керек? Және кімдер үшін керек? Гәп мынада: баласын әкесіне, әкесін бабасына, бабасын немересіне қарсы қойып, тіл тигізу, әбжілдікпен айдап салып, жеккөрінішті ету, сөйтіп екі асап, бір жұтып билікке шығу — орыс самодержавиесінің әу бастан әбден ойластырылған түпкі мақсаты. Расында, сұмдық саясат емес пе?!
Біле білсеңіз, Кощей Бессмертный сияқты бала психологиясына бөтенсуді егетін, ұлттық тұйықталуға жол салатын фильмдер қазақты жек көретін, қазақты масқаралап, сағын сындырғысы келетін дұшпан адамдардың зымиян айласы ғана емес, қазақты шідерлеп ұстап отыру үшін ойластырылған Кремль идеологтарының көпвекторлы жымысқы саясатының бір ғана саласы. Одан басқа балаларға арналған баспа өнімдері – кітаптар, түрлі-түсті ойыншықтар, кино өнімдері – мультфильмдер, анимациялық фильмдер туралы да осыны айтуға болады. Кітап дүкеніне бас сұқсаңыз, сөрелерде сіресіп тұрған орыс рухындағы Ресей баспасының өнімдерін көресіз. Абайлап қарасаңыз, оның ішінде қазақ рухына, қазақ еркіндігіне қарсы жазылған «қызықты» еңбектер де аз кездеспейді. Біреулер, онда тұрған ештеңе жоқ дейтін шығар. Бұған «әр нәрсенің түскен жерінде із қалады» деген физикалық өлшеммен мән беретін болсақ, әлгі кітаптар бала психологиясында өз ізін, өз сүрлеуін салып жатқаны сөзсіз.
Бала психологиясы өзінің нәзіктігімен ерекшеленеді. Олар көк жәшіктен нені көрсе, оны сол күйінде қабылдайды, нені оқыса, солай екен деп ұғады. Ал оның соңғы зардабын жалғыз баланың өзі емес, тіпті оның ата-анасы да емес, ұлт көріп жатыр. Бұл тұрғыда орыс идеологтарының ұпайы түгел десе болады. Олар осындай санаттағы өнімдерді көптеп шығарып, кедергісіз таратуды (кейде тегін таратады) жолға қою арқылы Қазақстаннан, тіпті жергілікті ұлт арасынан өзіне жақтастар мен мүдделестер тартып жатыр, керек десеңіз, ауырлау болса да айтуға тура келеді, қазақ арасындағы салқынқанды сатқындарды тәрбиелеп шығарып жатыр. Ал сатқындардың улы тамыры қайда жатқанын іздеп тапқан да, оны түбірімен шауып жоқ қылған да ешкім жоқ.
Қазір іс жүзінде Ресей өзінің ұлттық мүддесіне қайшы келетін дүниелердің бәріне қарсы ымырасыз майдан ашты. Шындығында, қазақ рухына, ұлттық мүддеге зиянын тигізетін кез келген басқыншылыққа біздің де майдан ашатын әділ де принципті шешімдердің мезгілі жетті деп ойлаймын. Егер қазаққа, Қазақ мемлекеттігіне қарсы бағытталған экспансияны дер кезінде сезініп, дер кезінде оған қайқайып қарсы тұрып, дер кезінде оның улы вирустарынан бас тартуды әдетке айналдырмайтын болсақ, оның аяғы ауыр рухани апатқа соқтыруы әбден ықтимал.
Ол үшін, біздіңше, орыс рухында түсірілген, әсіресе, Кощей Бессмертный сияқты қазақ баласын өз баба тарихына қарсы бағыттайтын, қазақты қазаққа айдап салатын, жеккөрушілікті, қарсылықты тудыратын фильмдерді (мультфильмдер мен анимациялық фильмдерді де) бізде, Қазақ Елінің кеңістігінде көрсетуге (осы рухтағы баспа өнімдерін таратуға да) мемлекет тарапынан заң бойынша қатаң әрі ымырасыз тыйым салынуы тиіс.
***
«Кощей Бессмертный» фильмнен басталып, оның айналасында туындаған Ресейдің рухани басқыншылығы және қазіргі Далаға бағыттап отырған саясаты төңірегіндегі менің жеке ойларым мен көзқарасым осындай.
Менің құрметті оқырманым бұған не айтып, қандай пікір қосады екен? Қашанда мұқият тыңдауға әзірміз.