Мемлекеттік ақпараттық саясаттың тиімді қалыптасуына ықпал ету, отандық бұқаралық ақпараттың облыс аймағына кең түрде таралуына қолайлы жағдай жасалып, ол оң шешімін тауып отыр деу – ағаттық.
Облыс көлеміндегі ақпар тарататын байланыс құралдарының жұмысын сараптап-саралайтын, республикалық басылымда жарияланған жаңалықтарды елеп-екшеп отыратын облыстық ішкі саясат басқармасы екені баршаға аян. Әсіресе меншікті тілшілерге бүгін қандай жаңалық болатынын, не болмаса үлкен дөкейдің келетінін, ол белгілі нышанды, аудандарды аралайтынын хабарлап отыру керек. Басқа облыстарды қайдам, біздің Ақтөбедегідей осы аттас басқармадан оны байқай алмадық. Ішкі саясат басқармасы халықпен етене өмір сүруі керек. Бірақ өңірде болып жатқан жаңалықтар аталған басқармаға қатысы жоқ сияқты. Оның басты себебі: облыстық ішкі саясат басқармасына басшы болып келген Зәпен Жұмабаева — бұл салаға тосыннан келген тұлға.
Зәпен Жақсыбайқызымен жүзбе-жүз сөйлесудің сәті түсті. Басқарма бастығы тым ашулы, қара торы жүзі күреңітіп, қабағынан қар жауып түнеріп отыр екен.Ажары әлемтапырық. Әңгіме үстінде «Қазақстан-Zaman» газетінде шығып жатқан облыс жаңалықтарын сөз ете бастап едім, жұлып алғандай: «Облыс туралы жазғандарыңның бізге көк тиынға да қажеті жоқ, өздерің үшін жазыңдар», — деген сөзді Зәпен Жақсыбайқызы өктемдікпен лақ еткізіп айтып салды. Саясатты саралайтын басшының ой-өрісі, білім деңгейінің тым таяз, әр істің байыбына терең үңілмейтіндігі сол сәт көңілге кірбің түсіргені рас. «Сенген серкем сен болсаң...» кебі келді. Ана бір жылы облыста діни сенім ахуалы төмендеп, арты қарулы қақтығысқа ұласты, адам шығыны болды.Бірақ бұл оқиға ішкі саясат басқармасын ойландырған жоқ. Діни ахуалдың алдын алғанда бұндай оқиға да, өзге кемшіліктер де орын алмаған болар еді.
Республикалық, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына әкімшілік тарапынан жыл сайын қыруар қаржы бөлінеді. Қаржыны алып, жұмыс жасамаған БАҚ-тар да бар.
Аты-жөні белгісіз БАҚ-қа 2012 жылы 35 млн. теңге бөлінген. Олар кімдер?
БАҚ-қа қатысы жоқтарға не үшін тендер берілуі керек? Мысалы, орыстілді басылымдарға өте көп мөлшерде қаражат бөлінеді. Өкінішке орай, олар қазақтың ұлттық мүддесі тұрғысында ешқандай ой қозғап жатқан жоқ. Тендер беруде әділеттілік неге сақталмайды? Осындай көзбояушылық заңсыздықтар кімдердің тарапынан орын алып отыр?
Облыста газет, радио және теле-компанияға бюджеттен 2010 жылы 175 млн. теңге, 2011 жылы 245 млн. теңге, 2012 жылы 225,1 млн. теңге, 2013 жылға 239,5 млн. теңге бөлінді. Биыл да осындай әділетсіздіктің орын алмасына кім кепіл? Бұра тартып, көңілі ауған басылымға шектен тыс мырзалық көрсету не үшін қажет? Тендердің қомақты теңгесін иеленгендер «алтын көрсе періште жолдан таядының» керін келтіріп, өз пайдасына жаратып кеткен жоқ па?
Сайып келгенде, ішкі саясат басқар-масының көтерер жүгі ауыр. Облысқа беделді кейбір азаматтардың облыстық ішкі саясат басқармасының жұмысына көңілі толмай жүргенін айта кетуді орынды көрдік.
Ақпарат құралдарымен байланыстары төмен
Алтай Тайжанов, философия ғылымдарының докторы, профессор:
— ҚР Президен-тінің «Қазақстан-2050» Стратегия-сы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында әлеуметтік саясаттың жаңа принциптеріне ерекше көңіл аударылған. Сондықтан Президент Жолдауда атап көрсеткендей, «бұл тұста әр қадам мұқият ойластырылғаны жөн».
Сонда еске алатынымыз да, ескеретініміз де алдымен оған деген жергілікті биліктің көзқарасы мен түсінігі, білім беру (орта, арнаулы, жоғары) мекемелеріндегі тіл ахуалы және бұқаралық ақпарат құралдарындағы осы мәселенің жүйелі түрде насихатталуын қадағалау жағы.
Ал кез келген нәрсені (құбылысты) қадағалау үшін оның мән-жайын білу, түсіну қажет. Әкімшіліктегі жауапты адамдар мемлекеттік тілде шығатын басылымдарды, басқа да ақпарат құралдарын қалт жібермей қарап отырғандары жөн. Олар күнделікті қадағалауды былай қойғанда, ақпарат құралдарымен байланыстары да төмен. Олар мемлекеттік тілдегі мерзімді баспасөздерді оқымайды, не оқуға уақыты жоқ. Радио мен теледидарда болып жатқан мемлекеттік тілдегі жаңалықтарды көріп тыңдамайды, тыңдаса да түсінбейді. Соған қарап, «орыстілді басылымдарды сын елегінен өткізетін шығар» деп ойлауға болады. Бірақ бұл күндері оларды да тексеріп немесе оқып, ескертулер мен бағыт-бағдар беріп жатқандарын көрмейсіз де, естімейсіз. Соны пайдаланып, қаладағы өздерін «тәуелсіз басылымдармыз» деп жүрген кейбір газеттер мемлекеттік тілге, біздің жекелеген тарихи тұлғаларымызға, руханиятымызға байланысты біржақты теріс пікірлер білдіріп жатады, қайсыбір тұстарда келеке еткілері келеді. Ал шындығына келер болсақ, мемлекет ішінде мемлекетке тәуелсіз ештеңе болмақ емес (Тәуелсіз болса қаражат жөнінен тәуелсіз болар). Сол орыстілді басылымдар кейбір тұстарда бюджеттен қыруар ақша да алатын кездері болады. Міне, осы ақшаларды олар қазақ руханиятын, мемлекеттік тілді, қазақ өнерін дамытуға жұмсаулары керек.Өйткені олардың Қазақстандағы орыстілді қазақ газеттері екендіктерін түсінетін уақыт жетті. Президент Жолдауында бұл туралы: «Қазір біз көпұлтты сипаты бар, біртұтас елміз», — деп нақты айтты. Ендеше, еліміздің дамуына Қазақстанда тұратын барша ұлт пен ұлыс өкілдері бірге үлес қосулары қажет. Бұл тұрғыдан алғанда, «біздің облысымызда ештеңе жоқ» деп, аузымызды қу шөппен сүртуге де, аса мәз болардай, ауыз толтырып айтарлықтай маңызды жетістіктеріміз бар деп те айта алмас едік. Әрине, қазір есеп беруге әбден машықтанып алдық, сондықтан қағаз жүзінде жоғарыға берілетін ақпараттарда бәрі «талапқа сай» болуы әбден мүмкін. Алайда шындық басқада,тереңде жатыр.
Қаладағы көптеген мекемелер де осылайша «талапқа сай» болуды көздеуден әріге бармайды. Содан да болар, көптеген ірілі-ұсақты мекемелердің бәрінде Ту ілулі, Ел Президентінің суреттеріне толы, сонымен бейне бір бүкіл шаруа бітетіндей, ештеңе жасамасақ та, «Қазақстан-2050» Стратегиясында қойылған мақсаттар орындала қалатындай көрінеді. Ал шын мәнінде қай салада да үлкен ізденіспен, ыждағаттылықпен, білікпен, сәйкестілікпен еңбектенсек, ұтпасақ ұтылмаймыз. Алайда істі алдымен өзімізден бастағанымыз абзал, бұл руханият салаларына да тікелей қатысты. Таным бастауы да, руханият негізі де – тіл. Бұл туралы Жолдауда: «Тілге деген көзқарас, шындап келгенде, елге деген көзқарас екені даусыз. Сондықтан оған бей-жай қарауға болмайды. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ деп атайтын боламыз», — делінген. Лайым, солай болғай...
Сондықтан тіл мәселесіне келгенде облыс әкімшілігіндегі осы салаға жауапты адамдардың бұл істі ілгерілететіндей қауқарлары болуы керек.
Өз күніңді өзің көр!
Кәдірбай Бекмағанбетұлы, ҚР журналистер одағының мүшесі, облыстық «Ақтөбе» газетінің бұрынғы бөлім меңгерушісі, зейнеткер:
— Өңірдегі баспасөз сол өңірдің ішкі саясатына сәйкес келе ме, келмесе неге батыл айтпасқа?
Ол үшін облыстық ішкі саясат бө-лімінің қызметкерлері оның не үшін қандай мақсатта жұмыс іздейтінін бұқараға баспасөз арқылы жеткізуі тиіс. Былайша айтқанда, ішкі саясат бөлімі идеологиялық жұмыстың ұйымдастырушысы, жүргізуші емес пе? Менің байқауымша, облыстық, аудандық ішкі саясат бөліміндегі мамандар «барып кел, алып кел», жиналыстарды ұйымдастырушы қолбала сияқты. Менің бір есімде қалған осыдан екі жыл бұрынғы көріністі айта кетейін. Облыстық ішкі саясат бөлімі жоғары оқу орындары басшыларының қатысуымен жас мамандардың ауылға баруы жөнінде өткен осы мәжілісте «Жас маманға үй, қаржы беріледі» дегеннен басқа ештеңе айтылмады. Жан-жақтан сұрақтар туындап, жас мамандардың ауылда тұрақтауы үшін материалдық көмектер бәрін шешпейді, мамандармен тәлім-тәрбие жұмысын жүргізетін, жергілікті ерекшеліктерді түсіндіретін аға буын өкілдерінің қатысуымен алқа құрылуы керек дегенде, облыстық ішкі саясат бөлімінің сол кездегі бастығы: «Әркім өз күнін өзі көруі керек», — деп ашық айтты. Міне, рухсыздық деген осы емес пе, баптап-күтпесең, көктің өспейтіні сияқты жас маман да жергілікті тұрғындардан оқшау тұрмай ма? «Өз күнімді өзім көрем» деп, жемқорлық пен парақорлықтың тұтқыны болмай ма? Сонда халық арасында саяси-тәрбие жүргізбесе, оның несі ішкі саясат?
Ішкі саясат бөліміндегі әлдебіреулер-дің жиналыс-мәжілістерге шақыру-шының рөлін атқарушы емес қой. Өкінішке орай, Ақтөбе облыстың ішкі саясат басқармасы Кеңес үкіметі тұсында атқа мінгендерді әйтеуір бір жиналыстардан қалдырмайды, олар қоғамға үлесін қосып жүр ме, жоқ па, онда ісі жоқ, жиналыстың көркін келтірсе болды. Сыйлық та, мақтау да сонда.
Менің байқауымша, бұл өңірдегі ішкі саясат бөлімдері өздеріне жүктелген міндеттерді орындаудан әлдеқайда аулақ жатыр.
Әбілқайырдың бойындағы кемшіліктер
Төлеміс Меңдіғали, ардагер, журналист:
— «Адам қандай болса, қаласы да сондай» деп жазып еді баяғыда бір газет. Сол рас-ау деймін. Өйткені біздің қалада (Ақтөбе) ұлттық иісті айтасыз, шығыстық мәнердегі жүріс-тұрыс, отырыстарда айтылар әңгіме мен ұстанар ғұрып-салт не керек, бәрі қойыртпақтанып кеткен. Мысал керек пе? Айталық, Ақтөбеде Әбілқайыр хан деген бас-аяғы алты-жеті шақырымға созылып жатқан үлкен көше бар. Оны біз «даңғыл» дейміз. Ресми құжаттарда солай жазылған. Ал осы даңғыл бойымен жүріп көрсеңіз, жоғарыда біз айтқан мысалдардың барлығы алдыңнан андағайлап шыға келеді. Ең әуелі мекемелер мен қызмет көрсету орындарының маңдайшаларында жазылған атау сөздерді назарға алып көрейікші. Мысалы, олар былай болып келеді: «Klas-aiplomat», «Armani junior-dsg», kimex», «d-pond», «lady boss» т.б. Әрине, олардың кейбірінің қосарлана орысша және қазақша (латын әрпімен жазылған сөздер дұрыс түспесе, алдын ала кешірім сұраймыз) жазылған атаулары бар. Сонда дейміз-ау, көпшілік адам түсіне бермейтін осындай жазулар неге қажет болды екен?
Жә, жарайды, бұлар латынша жазылған жазулар, мағынасы ағылшынша делік. Бәрі бүгінгі биліктің ұстанымына дәл келіп тұр: үш тұғырлы тіл білу керек. Ал онда ән-күй, мәдениет жағымызға қарай ойысып көрелікші. Бәлкім, осы салада ұлттық калорит, ұлттық иіс аңқып тұрған шығар? Өйткені ұлтты сақтап қалатын да, басқаларға қарағанда болмысымды ерекшелендіріп тұратын да осы құндылықтар емес пе? Ішкі саясат басқармасы неге осы кемшіліктерді көрмейді?
«Түнді қараңғы дегенше, шам жақпайсың ба?»
Құралай Есқұлова, қазақ тілі пәнінің оқытушысы:
— Республи-камызға бүкіл ел көлеміне ауыз салмай-ақ, өзіміз өмір сүріп жатқан Ақтөбе облысына, оның орталығындағы қиын-түйін проблемаларға тоқталсақ.
Тәрбие көрген тек қана мектепке, балабақшамен шектеліп қалмақ емес. Тәуелсіз елдің Ата Заңын орындайтын, бақылайтын, атсалысатын тиесілі мекемелер жетіп артылады. Алайда құзырлы органдардағы жауапты азаматтар өз міндетін орындап отырса, кәнекей. Қазақ тілі, оны меңгеру, өмірде қолдану керек деп жатамыз да, өзіміз сол тілде сөйлейміз.
Қағаз толтырсақ қате жазамыз, көшедегі жарнамалар, оның мазмұны, сипаты ешқандай сын көтермейді. Ал жеке кәсіпкерлердің ашқан мекемелері (кафе, мейрамхана), оның атаулары әртүрлі, қазақы атау қайда?
Алайда Ақтөбедегі облыстық, қалалық тіл басқармалары, ішкі саясат бөлімі қайда қарап отыр? Заң бойынша облыс әлдеқашан қазақша ісқағаздарын толтыруға көшкен.Бірақ ісін көре алмай отырмыз.
1) Иә, сонымен, тәуелсіздіктің салтанат құрғанына 21 жыл болса да, көше бойындағы толған газет сататын дүңгіршектер Ресейдің жап-жалаңаш, көз қарықтыратын, көрген адамның есінен тандыратын журналдарына толы. Мұны көрген оқушы не оңады? Онда қазақ тіліндегі газет-журнал атымен жоқ.
Қазақ газеттерін, «Жұлдыз», «Қа-зақстан-Zaman» тәрізді басылымдарды емге таппаймыз. Сатылмаған соң, оқушы да жоқ.
2) Облыстық, қалалық ішкі саясат бөлімі деген аты дардай мекеме бар, барсаңыз сықита жазған «қағаздарын» көрсетер, бірақ жарқын істерін көре алмай жүрмін.
Мен таң қаламын, мемлекеттік қызметші деген сөз – халқына қызмет ету, жағдайын жасау, халқына құл болу деген емес пе? Кабинетте отырып басқару қайдан шыққан?
«Жастар бұзылып, басқа бағытқа кетті» деп ұрандауды, жамандауды жақсы көреміз. Алайда жастарға назар салып, олардың жаны нені сұрап шырылдайтынын білдік пе? Қалада қаншама жұмыссыз, үйсіз, қаншасы бұзылып, қаншасы бұзылайын деп жүр, түрмеде қаншасы отыр, олармен кім жұмыс істейді?
Қылмыс өткен жылға қарағанда Ақтөбеде өскенін телеарнада жария етті. «Түнді қараңғы деп сөккенше, шам жақпайсың ба?» — деген екен бір ғұлама. Амалы жоқ іс болмайды. Осы жерде жергілікті телеарналардың да орны ерекше.
а) Үгіт-насихатқа, дін мәселесіне, тәрбиелік мәні бар хабарларға көңіл бөлуі жетіспейді. Жақсы хабарды, ғибрат алатын істерді насихаттаса.
ә) Ғалымдар мінберін ашса.
б) Дін өкілдері діни уағыздарын, иман-дылық, шариғаттарын айтса.
в) Эпостық жырларды оқып, қазақ зия-лыларының шығармаларын насихаттаса.
г) Көп балалы отбасын насихаттаса.
«Сұлулық деген не?» деген жалаң тақырыпты қаузағанша. Алайда адам-ның сұлулығы сыртында емес, оның жан дүниесінде екені айтылу керек.
д) Корей киносын көрсеткенше, қазақ киносын неге көрсетпеске?
Қолдан келер істі орындауға кім кедергі?
Сонымен бірге кітапханадағы істі, шараларды, әдеби кештерді, кітапты насихаттауды жолға қою керек. Осындай кештерге тек мектеп оқушыларын ғана жіберіп, мектеп директорлары, қалалық білім басқармаларындағы басшылардың төбе көрсеткенін көрген емеспін. Әлде міндет санамай ма, болмаса уақыты жоқ па? Тәрбиелеп жатқан ұрпақтың өркениетін, болмысын көрмей ме, бақыламай ма? Қашан аяғынан тұрып кеткенше бақылау, қадағалау керек емес пе?
Жұмысы сын көтермейді
Адайбай Нұғыманов, кәсіпкер:
— Ішкі саясат бөлімі облыс көлемінде халықтың хал-ахуалын, тұрмыс-тіршілігін, кемшін тұстары мен жетістіктерін саралай-сараптай оты-ратын, бір сөзбен айтқанда, халықтың тынысын бағамдай байыптайтын, керек кезде кемшіліктерді дер кезінде жоюды қарастыратын құрылым болуы керек. Ал бізде қалай? Қазірде осы құрылым көпшілік көңілінен шығып отыр ма? Біздіңше, жоқ. Мемлекеттік саясатты, облыс әкімшілігінің нұсқауларын орындаудан әрі аса алмайды.
Кезінде облыста республикамызда тіркелген 8-9 партия болатын. Облыстық филиалдардан тек «Нұр Отан» ғана қалып отыр. «Ақ жол», ЖҰСД, «Патриоттар партиясы», «Коммунистер», «Руханият» тек аты бар да заты жоқ. Қоғамда бұл партиялардың еш үні, еш ықпалы жоқ. Алғашында 2000-2005 жылдары азғантай жұмыстары жүрген болды, үкіметтің саясатын, Жолдауларын талқылайтын жеке партиялық немесе партияаралық жиындарға ешуақытта ішкі саясат бөлімінің басшылары шақырылса да келген емес.
Жыл сайын коммуналдық қызмет бағасы өсіп отырады, ол сөзсіз халықтың көңіл күйіне әсер етеді. Осыған орай, Ішкі саясат басқармасы партиялардың облыстық филиалдарының басын қосып, бірде-бір рет талқылап көрген емес.
Халықтың арасында суицид (белгісіз жағдайда өлу фактілері) бар, бұзықтық, жол-көлік апаттары көбеюде. Сыбайлас жемқорлық тыйылмай отыр. Онымен ішкі саясат басқармасының еш жұмысы жоқ. Қалада толған орыс, шет тіліндегі жарнамалар, жасыратыны несі бар, мемлекеттік тіл мәселесі облыс-та, әсіресе қалада өте қиын жағдайда қалып отыр. Президенттің айтылған Жолдаулары облыста тек сөз жүзінде, іс жүзінде ойдағыдай қолға алынып отырған жоқ. Облыстық ішкі саясат басқармасы талдап, таразылап қо-рытынды шығарып, творчестволықпен жұмыс істеудің орнына бұғып отырған сыңайлы. Қалаға жақын елді мекендермен көлік байланысы өте нашар күйде. Қызылжар, Рауан, Заречный-3 мөлтек ауданының тұрғындары қиыншылық көруде. Жоғарыда айтылғандар дәлелдеуге болатын фактілер. Осы жайлар қала, облыс халқының көңіл күйіне, Президенттің жүргізіп отырған жұмысына, саясатына кері әсерін тигізетіні анық нәр-се емес пе?
Газет оқып, текке уақытымды өткізгім келмейді
Біз мақаланы жазу барысында Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Зәпен Жақсыбайқызына жолығып, өзі басқарып отырған облыстық ішкі саясат басқармасының бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысы жайлы сұраған едік.
Зәпен Жақсыбайқызы, сіздер барлық басылымдарды саралап-сараптап отыратын боларсыздар?
— Ішкі саясат басқармасы міндеттерінің бірі — баспасөз-де болып жатқан жаңалықты сараптап-саралап отыру. Алайда бұл жерде ана газет жақсы, мына газет нашар деп біржақты пікір айту дұрыс болмас. Дей тұрғанмен, жергілікті ақпарат құралдарына маңыз беріп тұрамыз. Тендерді кезінде жергілікті баспасөзге көп мөлшерде бергеніміз рас. Биылдан бастап электронды вариант жүйесіне көштік. Бәрі сонда толыққанды көрсетілген. Расын айтсақ, жетісіне бір рет шығатын басылымға таралымы аз болғандықтан, қомақты қаржы бере алмадық. Осы орайда қарауымдағы қызметкерлердің бірде – біреуі тендер мәселесін өз бетінше шеше алмайды. Оларға бұл жөнінде қатаң ескертілді. Тек электронды вариантта көрсетілген тұжырым бойынша жұмыс жасау қажет. Кезінде өз жұмысына немқұрайлы қараған 5 қызметкерге қатаң шара қолданылды. Өз басым «Қазақстан-Zaman» газетінде шығып жатқан мақалаларды, шынымды айтсам, оқығаным, ол газетке жазылғаным да жоқ.
Кейбір оқыған, зиялы қауым өкілдері облыстық ішкі саясат басқармасының жұмысына көңілдері толмайтынын ашық айтып жүр. Бұл жөнінде Сіз не айта аласыз?
Осы сұрақ қойылғанда, «Үндемеген үйдей пәледен құтылады» дегенді еске түсірді ме, әйтеуір Зәпен Жақсыбайқызы біраз уақыт үнсіз қалды. Жүзінен үрейленіп, мазасызданғанын анық байқағандай болдық. Бір сәт өзіне-өзі келіп: «Кешіріңіз, сағат алтыда лездемем бар еді. Айып етпеңіз», — деді, әңгімеміз осымен тәмам дегенді сездіріп. Сосын: «Мекемеміз осы. Пікірлестік. Сіздердің газеттеріңізді оқып, текке уақытымды кетіргім келмейді» деген сөзді айтып салды. Осыған риза бол дегені ғой. Түсіндік, түсіндік те жиналдық. Жалпы, бұл аталған мекемеде басшы да, қосшы да бірінің аузына бірі түкіріп қойғанға ұқсайды. Жауаптары ұқсас, ақпарат құралдарын өз безбендеріне салып қарайды. Олар мемлекеттік заң тұрғысынан қарау дегенді білмейді. Сонда облыстық ішкі саясат басқармасы демократиялық қоғамда бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысын қалай жақсартқысы келеді? Біздің түсіне алмай жүрген сауалымыз осы. Егер ол болмаса, ішкі саясат басқармасы деген мекеме не үшін қажет? Кімге керек?
Түйін:
З.Жұмабаева Тәртіптік Кеңес алдында жемқорлыққа жол берген 5 қызметкерге қатаң шара қолданылғанын мәлімдеді.Алайда бұл жерден тендер мәселесіне тікелей қатысы бар А.Нұғыманов облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасына бас есепші болып барды. Сонда бұл қуылғаны ма, әлде қызметінің өсіп, жоғарылап кеткені ме? Ал түсініп көр! Жемқорлыққа жол берген ішкі саясат басқармасының бастығы «сүттен ақ, судан таза».
«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні»: отандық бұқаралық ақпа-раттарды облыс орталығына таратуға мүдделі облыстық ішкі саясат басқармасы қоғам дамуына ілесе алмай, «жібекті түте алмаған жүн етедінің» керін келтіруде. Аты дардай басқарманың жұмысының жұрдай болуы облыс әкімі Архимед Мұхамбетовты неге ойландырмайды?