Димекең 1960 жылы Біріккен Ұлттар ұйымында болды. Бұл халықаралық ұйымның сол кездегі ұстанымы бейбітшілікті сақтау еді.
Жетпісінші жылдардың ортасында Димекеңнің барлық жағынан жұлдызы жанды. Брежневтен кейінгі екінші адам, Қазақстанның басшысы Қонаев болды десек, артық айтпаймыз. Қазақстан БҰҰ-ға мүше болады екен деген әңгіме шықты. Ол кезде КСРО-да БҰҰ-ға Беларуссия мен Украина ғана мүше болатын. Димекең БҰҰ-ға мүше болу үшін Қазақстанның жер көлемін алға тартып, тағы да басқа ерекшеліктерін айтып, өз ниетін ретін тауып досы Брежневке сездірген болуы керек. Ол кезде ҚазМУ-де студент мен бұл сыбысты өз құлағыммен естідім. «Қонаев елде облыстардың санын 20-ға жеткізіп, Қазақстанды БҰҰ-ға мүше етудің әрекетін жасап жатыр» деген сөз студенттер арасында желдей есті. Өйткені ол кезде облыстардың саны 19 болатын. Кейін неге екенін белгісіз, бұл әңгіме басылып қалды.
Қонаев мұражайы ашылған алғашқы жылдары кезінде сөз болған Димекеңе қатысты әңгіменің шындығын білгім келіп, белгілі партия қайраткерлерінің біразымен сөйлесіп, сұхбаттастым. Димекеңнің сенімді серіктерінің бірі, партия қайраткері марқұм Заманбек аға Батталханиев Қонаев мұражайында отырып, Қазақстанның БҰҰ-ға мүше болуы жөнінде әңгіменің шыққанын дәлелдеп айтып берді. Димекең Брежневке арқа сүйеп, Қазақстанның жер көлемін алға тартып, БҰҰ-ға мүше болу ниетін өзінің сенімді серіктеріне сездірген көрінеді.
Егер 20-шы облыс Аягөз болып құрылғанда, Димекең ойы іске аспақ екен. БҰҰ-ға мүше болу түбінде дербестік қой. Жарықтық Димекең дабыра қылмай түбінде дербес ел болуды армандап кеткен нағыз ұлт көсемі екеніне енді көзіміз жетіп отыр. Димекеңнің шәкірті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сексенінші жылдары ұшақ ішінде келе жатып Қонаевтың ұщы-қиыры жоқ кең даланы көрсетіп, «дербес ел болсақ» деген арманын өз естелігінде жақсы жазады. Бұл сөзді Димекең сайыпқыран шәкіртіне сыбырлап, «аузыңа берік бол» дегендей ишаратпен айтады. Құдайға шүкір, арада 12-13 жыл өткенде Қазақстан Тәуелсіздігін жариялады. БҰҰ-ға мүше болып, көк туы желбіреді.
1994 жылы күзде Нью-Йоркте БҰҰ ғимараты алдында желбіреп тұрған Қазақстанның көк туын көргенде, 1975 жылы БҰҰ-ға мүше болу жөнінде естіген әңгіме еріксіз есіме түсіп, әулие Димекеңнің рух-бейнесі көз алдымда тұрды.
Асқар Қонаев Нобель сыйлығына үміткер еді
Қазақ ССР Ғылым академиясының президенті, КСРО және Қазақстан мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, техника ғылымдарының докторы, професор Асқар Қонаевтың есімі әлемге машпұр еді. АҚШ, Жапония, Швеция, Франция, Норвегия сияқты мемлекеттерде Асекеңнің еңбектері (патенттері) жарияланды. Жалпы 30-ға жуық елдің ғылым академиясы Асакең еңбегімен таныс еді. Асекең кезінде Алматыда әлемге аты әйгілі ғалымдар қатысқан халықаралық конференциялар мен симпозиум өтті. Мәселен, Нобель сыйлығының оннан аса лауреаты қатысқан VII – Менделеев съезі Қазақстанда ғылым деңгейінің қандай болғанын дәлелдесе керек. КСРО-да Лениндік және мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі комитеттің мүшесі А. Қонаев 100-ден астам өнертапқыштық пен дамыған шетелдер патентінің иесі еді. Асекең ғылым саласында, ол кездегі ұғыммен айтқанда, «капиталистік елдер»: Италия, Чили, Мексика сияқты мемлекеттермен лицензиялық келісімдер мен шарттар жасасқан академик әрі ұйымдастырушы болатын. Қазақ ССР ғылымына еңбек сіңірген қайраткер ғылым мен өндірісті дамытудағы еңбегі үшін үлкен атақтарға ие болды. А.Қонаев қолдаған Металлургия және кен байту институты нефилин мен бокситті қайта өңдеу кезінде әлемдік деңгейде жаңа тәсілді өмірге әкелді.
Еңбектері КСРО-да ғана емес, шетелдерге де белгілі ғалымға Швеция-дағы Нобель Комитетінен бірнеше рет шақыру хаттары келді. Тоқсаныншы жылдардың соңында (1998 жылы) келген хатта 1999 жылы металлургия саласы бойынша Нобельдік сыйлыққа Асекең үміткер ретінде шақырылады және алдын ала тиісті құжаттарды жіберудің тәртібі түсіндіріледі. Ағылшын тілінде жазылған хатта жақсы ниет, ерекше үміт бар. Ұлы Елдардың айтуынша, Асекең “анкетаны” толтырып, көрсетілген мекенжайы бойынша құжаттарын Швециядағы Нобельдік Комитет комиссиясына жібереді. Арада көп өтпей Асекең өмірден өтеді. Жетпіске келіп тұрып, мерейтойы үстінде өмірден өтуі — айтары жоқ өкініш еді. Бұл халықаралық сыйлық жарғысы бойынша тек тірі адамдарға берілетіндіктен, Асекеңнің жолы өзінен-өзі кесілді. Мүмкін, тірі болғанда комиссияның алғашқы этаптарынан өткен Асекең сыйлыққа ілініп те кетер ме еді... Кім білсін, “үмітсіз шайтан” деген ғой.
1998 жылы келген хатты биыл қаңтар айында Асекеңнің ағасы Димекеңнің туған күніне байланысты еске алу шарасында Диардың (Асекеңнің ұлы) үйінде көріп, одан көшірмесін алып, Қонаевтарға қатысты үш ұйықтасам түсіме кірмеген тосын оқиға жөнінде еріксіз жазуға тура келді. Бұл хатта әруаққа байланысты және ұлт мерей-тәлейіне қатысты бір жақсылықтың нышан белгісі сезіледі. Өйткені Қазақстанда Асекеңнен басталған Нобельдік сыйлыққа ұмтылудың елесі кезіп жүр. Айтпақшы, бір-екі адамның аты аталып жүр.