Жалтақ болмай қайтсін, көптеген әріптестері өздеріне жабылған жаладан жазықсыз түрмеге жабылып жатса. Әрине, бұл жерде тәртіп сақшыларының бәрі бірдей жалтақ немесе бәрі бірдей жазықсыз деуден аулақпыз. Олардың арасында қызмет бабын асыра пайдаланатындар да кездесетіндігіне ешкім көз жұмбайды. Дегенмен, кейінгі кездері «Қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан» дегеннің кері келіп, осы бір Ішкі істер саласы қызметкерлерінің қорғансыздың күйін кешіп, жабылған жаланың құрбанына айналып жатқан оқиғалардың жиілеп кеткені қалай? Мұндай жайттар мемлекет дамуына, қоғамдағы тыныштық пен тұрақтылықтың сақталуына, адамдардың алаңсыз өмір сүруіне қандайда бір деңгейде кедергі келтіретінін ескеріп, тиісті шаралар қолданатын кез жеткен сияқты.
Жуырда аталмыш сала қызметкерлеріне байланысты шулы істі Қазақстан Респуб-ликасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі ко-миссияның сарапшысы, «Желтоқсан жаңғырығы» ҚБ-нің төрағасы Төлеген Әлжан Қалабайұлы ре-дакциямызға әкелген еді. Кезінде Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев, Сәбира Мұхамеджанова сынды желтоқсан қаһармандарын ақтап алған, 2002-2004 жылдары И.Храпуновқа қатысты өткен 24 сот үдерісінде жеңіп шығып, Қалқаман ықшам ауданының тұрғындарын қорғаған ағамыздың мына арызында қылмыстық істің біржақты қаралып, әділ шешім шықпағандығы, прокуратура мен соттың көп жағдайларда көзжұмбайлыққа барғаны ашына айтылады. Осы арыз бойынша журналистік зерттеу мақсатымен Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданының орталығы Құлан ауылына бардым.
Бірақ бұл кезде Аудандық Ішкі істер басқармасының үш қызметкері: АІІБ кезекші инспекторы Жолдасбаев Қанатбек Еренбайұлы, АІІБ криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі Смаилов Қайыржан Мұханжанұлы және АІІБ кезекші инспекторы Малаев Аманғали Дүйсенбиұлына ұзаққа созылған істің Тараз қаласы №2 сотының 17.09.2012 жылғы сот үкімі күшінде қалып, өздері темір торға тоғытылып кеткен екен. Мән-жайдың әлқиссасын көңілдері қапалы Қанаттың анасы Шынаркүл апа мен жары Айнұр және сотталушы Қайыржанның әкесі Мұханжан аға мен о баста осы істе Қ.Жолдасбаевқа қорғаушы болған, бұрын құқық қорғау саласында істеп, зейнеткерлікке шыққан Болат Әбішев қамыға отырып, бастан-аяқ баяндап берді.
Іс сотта негізінен екі эпизод бойынша қа-ралған екен. Олар: жәбірленуші Рақымжан Нұрқалиев пен Фархат Сартаев және Қайрат Лебаевтың полиция қызметкерлері тарапынан соққыға жығылуы және бұл оқиғадан бір жылдай бұрын басшысының автокөлігін құжатсыз айдап шыққан Ерлан Абелдиновке полиция қызметкерлерінің жала жауып, 130 мың теңге сұрағаны турасында.
Әрине, газет мүмкіндігіне байланысты, Үкімде баяндалған жайттарды бастан-аяқ жариялай алмаймыз, сондықтан төменде сот үкімінен үзінділер және сотталушылардың жанашырлары мен қарсы тараптың айтқандарын жүйелей отырып, қысқаша беруге тырыстық. Бұл айтылғандар оқиға барысын сараптай түйсінуге мүмкіндік береді деген ойдамыз.
Жабырқаған жар, аңыраған ана, шырылдаған бала
Жолдасбаева
Шынаркүл Сейітжаппарқызы, Қ.Жолдасбаевтың анасы:
— Алты балам бар, күміс алқалы анамын. Балам он алты жыл қызмет атқарғанда ешқашан жаман аты шықпаған, керісінше мақтау қағаздары көп еді. Қазір сотқа берген балалар көрші тұрады. Олар көшеде келе жатсам, жанымнан көліктерімен жанап өтіп, тастарды шашып айдап, қыр көрсетіп кетеді. Солардың осылай сайран салып, бізді мазақ етіп жүргеніне, баламның жазықсыз түрмеге жабылғанына күйінемін. Тіпті олар өзге жерде емес, үйімізге келіп, өздері тиісті емес пе?! Екі күн бұрын Ф.Сартаевтың әкесі қайтыс болды, марқұм қара жер хабар бермесін, ол кісі де іздеуде жүрген болатын. Ф.Сартаев та, Қ.Лебаев та істерге істері жоқ, бұзақылық жасап, бос жүрген балалар. Осы бұзақыларды соттамай, өз қызметін адал атқарып жүрген полиция қызметкерлерін соттағанға елдің бәрі наразы. Енді ешбір полиция қызметкері олардың маңайына да жоламайды, қорқады. Тіпті, полицияда қызмет істеуге де бармайтын сияқты. Ал менің балам осы мамандығына Алматыға төрт жыл тапсырып жүріп түсіп, Ақмолада бітірген болатын.
Айгүл Жаңабекова, Қ.Жолдасбаевтың жары:
— 2011 жылдың 04 маусымы күні, кешкі сағат 18 шамасында сотталушы Қ.Жолдасбаевтың үйіне оны туған күнімен құттықтаушылар келе бастады. Кенет ала көлеңке үйге кіріп келген біреу «шақыр күйеуіңді» деп айқайлады. Мен күйеуімнің үйде жоқ екенін айтып, «шығыңыз» деп ай-қайлап жібердім. Сол кезде ол мойнымдағы алқамды жұлып алып, қаша жөнелді. Электр жарығын жасап жатқан көршім Талғат көшеде қуып жетіп, шалып жыққанын ел-жұрт көрген. Сол жерде менің алқамды құлаған жерінен алып берді де, бұл қылығын мастыққа сүйеп, кешірім сұрады. Мен қонақ күтуге дайындалып, үйге кеттім, кейіннен жаңағылар да келіп, дастарханда тілек айтып, бір-екі тостаған арақ ішіп, қайтты. Өздері айтқандай, күйеуім олардың әрекетін мастыққа сүйеп, ешқандай ұрған да, соққан да жоқ. Бір жағынан туған күн кешінің шырқын бұзғысы келмеді.
Олар арандатудың құрбандары
Болат Әбішев, Құқық қорғау органының бұрынғы қызметкері, зейнеткер:
— Мен бұл жігіттермен он жылдай бірге істедім. Өте тәрбиелі, тәртіпті, өз істеріне жауапкершілікпен қарайтын. Мен алғашқыда Қ.Жолдасбаевтың қорғаушысы болдым. Оларға жала жабылып отыр. Өйткені жәбірленуші Р.Нұрқалиев Қанаттың дастарханында көп отырмаған. Бірақ, сот туған күнге келіп, осы оқиғаны көзбен көрген тоғыз адамның және сол түні сағат 22-лер шамасында біреулермен төбелесіп жатқанын көрген Есбаев Мақсат пен таксист Қарағаев Абдрахманның куәгерлік сөздерін дәлел ретінде қабылдамады.
Меніңше, бұл жәбірленушілер тарапынан әдейі ұйымдастырылған іс болды. Өйткені жоғарыдағы полиция қызметкерлері бұған дейін талай бұзықтың құрықталып, темір торға тоғытылуына себепкер болған еді.
Көрсеткіш үшін бе, әлде не үшін екені белгісіз, КНБ ЮГ әскери басқармасының уәкілі Б.Жұманбаев Р.Нұрқалиевтің шағымын УСБ ІІД уәкілі Е.Сейітжанға тапсырады. Е.Сейітжан арызды бастығының қолынсыз, еш тіркеусіз, өзі қабылдап жүргізген. Олардың істерінде көптеген шалағайлықтардың кеткені сот барысында айтылғанмен, еш ескерусіз қалды. (Бұл жайлы кейінірек қорғаушы Т.Амербековтың уәжінде толығырақ келтіреміз). Бұл екеуі «полициядағы жемқорлық» деп сендіріп, істі прокуратураға, тергеуші-прокурор С.Әшімтаевқа өткізеді. Тез арада іс қозғалғанымен, ешқандай ілік таппаған олар енді Е.Абелдиновты іздеп, тауып, оған осыдан бір жылдай уақыт бұрын өзінен полиция қызметкерлері 130 мың теңге сұраған еді ғой деп арыз жаздырады. Бұл іс кезінде Қаржы полициясында қаралып, ешқандай қысым да, қылмыс та жоқтығы дәлелденіп, қол қойылып, қолхат алынып, екі жақ қол алысып тарқасқан іс болатын. Прокурор тарапынан кеткен кемшіліктер де көп. Ол сотта ескертілгенде, «бәрін сот шешеді ғой» деп, жайбарақат отыра берді. Е.Сейітжан тану (опазнание) жасау үшін тек төрт адамның ғана суретін шығарып, Абелдиновке жақсылап көріп ал, шатасып қалма дегендей жағдай туғызған және уақыты да сәйкес келмейді (бұл жайлы кейінірек, қорғаушы уәжінде айтылады). Оны өздері де байқады, бірақ сот мән бермеді.
Сотта Т.Исаевтің қарызға ақша бергенін растап қол қойғаны, бірақ кейіннен Абелдинов емес, Ақбердиновке бергенін айтқаны назарға ілінбесе, Е.Абелдиновты тоқтатқан кезде А.Малаевтың қасында болған екі сержанттың кім екендігі де анықталмады. Қысқасы, олар арандатудың құрбандары болып кетті.
Тоқпағы күшті болды
Мұханжан Смаилов, Қ.Смаиловтың әкесі:
— Е.Абелдинов пен Қ.Нұрқалиевтің қорғау-шысы болып жүрген Р.Кушакова мен оның құрбысы «Время» газетінің тілшісі Г.Выборнова бұл істі біржақты қарап, бірнеше мақала жариялады. (07.02.2012. №18 (1372); «И крыша не спасла». «Время» 06.10.12. №151 (1505); «Магнолия». «Жертвы стражей порядка или как наша полиция нас бережет?», 16.01.2013. №3 (1118). «Тоқпағы күшті болса, киіз қазық жерге кіреді» демекші, олардан біздің облыста полиция да, прокуратура да, сот та, бәрі үстімізден бірдеңе жазып жібермесін деп сескенеді.
Р.Кушакова Абелдиновтың атынан қол қойып, 5 миллион теңгеге иск сұрап отыр. Онысы қылмыс қой. Осынысын сотта айтқанымызда ашуланып, сотты сыйламас-тан, сот залынан шығып кетті.
2012 жылдың 11 қыркүйегінде жігіттерді толық қамауға алды. Сол күннен бастап, маған бұрынғы «Такинск» деген топтың жетекшісі Така деген (шын аты — Талант): «Балаң сотталады, оны мен істетіп отырмын. Егер сотталмасын десең, маған жабылған қылмыстардың бәрі жала, оны мен әдейі істедім», — деп жазып берсін» деп телефон соқты. Мен сол кездегі ІІД бастығы генерал Аймағамбетовке арыздандым. УБОП маған екі полиция қызметкерін күзетке берді. Кейіннен оларды өзім ерікті түрде қайтар-дым. Ал сот бұл жайттарды қаперлеріне де ілмеді. Мен баламның қызмет орнына жиі барып тұратынмын. Сонда бастықтары ылғи «білімді, мәдениетті» деп мақтайтын. Енді міне, баламды осы полицияның оқуына бекер оқытқан екенмін деп өкініп отырмын.
Қазына Дәрібаева, А.Малаевтың қорғаушысы:
— Мен тек соңғы кассациялық сотқа ғана қатыстым. Іспен танысу барысында сотталушылар тарапынан қойылған талаптарға соттың еш көңіл бөлмегені көрініп тұр. Олар тек Р.Кушакова мен Г.Выборновадан қорыққандықтан ғана осындай әділетсіздікке барып отыр. Р.Кушаков сотқа тек сенім хат арқылы ғана қатысады. Негізінде қылмыстық істерге сенім хатпен қатысу деген болған емес. Тек қылмыстық іс бойынша, егер бір адам сотқа келе алмайтын халде жатса, онда тергеуші қатысуға ниетті адамның құжатымен қаулы шығарып барып, жәбірленушінің өкілі ретінде қатыстырады. Ал азаматтық соттарға қатыса береді. Заңда «институт преставительства и доверенности» деген тарау бар. Біздегі сот осындай заңда жоқ нәрсені енгізіп отыр. Сондай-ақ, Р.Кушакованың сенімхатындағы «қылмыстық» дегеннің үстіне «азаматтық» дегенді қабаттастырып жазып қойыпты және нотариустар қылмыстық іске сенім хат бермеуі тиіс еді, бұл да заңсыз. Одан кейін бұл істе ведомствоаралық көре алмаушылық та бар сияқты.
17.09.2012ж. №1/500-12
Үкімнен үзінділер:
* 2010 жылдың қазан айының бас кезінде, түнгі 22.00-23.00 шамасында әскери бөлім командирінің орынбасары Ғ.Б.Бекешовтың автокөлігін мініп жүрген Е.Абелдиновты тоқтатып, құжаттары дұрыс емес, полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсетті деген сылтаумен АІІБ-не жеткізген.
*Қ.Смаилов түсінік жаздырып, мәселені жағымды шешу үшін ақша бопсалаған. Е.Абелдинов ақша беруден бас тартқан.
*Қ.Жолдасбаев, А.Малаев және Қ.Смаилов ақшалай пайда табу мақсатында автокөлік салонының артқы орындығындағы көрпешенің астына «Макаров» тапаншасының 16 оғын тастаған.*Түнгі сағат 04.00 шамасында Е.Абелдинов қызмет атқаратын әскери бөлімнің командирі Д.Құрбанбаев пен оның орынбасары Д.Скрудин жағдайды білуге келгенде, жоғарғы жақтағы әскери басшыларына және әскери полициясына хабарлайтынын, егер 200 мың теңге әкеліп берсе, мәселені жағымды шешуге болатынын айтып, ақша бопсалаған.* Автокөлік иесі А.Бекешов Д.Құрбанбаевтан 130 мың теңге алып, сотталушылар Қ.Смаилов пен А.Малаевқа беріп, Абелдиновты және өзінің автокөлігін алып кеткен.
* ** Қылмыстық іс-әрекеттерін жалғастыра отырып, сотталушы Қ.Жолдасбаев пен Қ.Смаилов мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы тағы бір ауыр қылмысты төмендегі жағдайларда жасаған. 08 желтоқсан 2008 жылы С.Шетенов өзін ұрып-соққаны үшін Р.Нұрқалиевтің үстінен арызданады, бірақ 11 желтоқсан 2011 жылы татуласуына байланысты қарсы арыз жазады. Бірақ Қ.Жолдасбаев пен Қ.Смаилов арызды жағымды шешіп беру үшін Р.Нұрқалиевтен 300 мың теңге талап етіп, С.Шетеновтың қарсы арызын қабылдаудан бас тартқан. Тек аудандық ҰҚК бөлімшесінің қызметкері Д.Жапарқұловтың араласуымен АІІБ учаскелік инспекторы Ғ.Сапеевпен ҚР ҚІЖК 37-бабы 1 бөлімінің 12 тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғаудан бас тарту шешімі қабылданған.
*** 04 маусым 2011 жылы мас күйінде үйінің алдында көше бойында қонақтарымен тұрған Қ.Жолдасбаев Р.Нұрқалиевтің автокөлігін көріп қалып, қолына тас алып, одан тоқтауды талап еткен. *...09.06.2011 жылғы №699 санды сот-медициналық сараптаманың және 01.11.2011 жылғы №45 санды қосымша сараптаманың қорытындыларына сәйкес, Р.Нұрқалиев басынан жабық түрде зақым алып, бас миы шайқалған.Екі қолына жарақаттар келтіріліп, көзі қанталап, «жеңіл» дәрежелі дене жарақаттары келтірілген. *25.11.2011 ж. №224 санды сот-биологиялық сараптама қорытындысына сәйкес, жәбірленуші Р.Нұрқалиевтің футболкасында табылған қан дақтары Р.Нұрқалиевтің қанына сәйкес келеді. Жәбірленуші Ф.Сартаевтың курткасындағы қан дақтары Р.Нұрқалиевтің немесе Ф.Сартаев пен Қ.Лебаевтың қандарына сәйкес келеді.
Үкім етті
Жолдасбаев Қанатбек Еренбаевичті ҚР ҚК-нің 308-бабының 4 бөлігінің «а, б, в» тармақтарымен кінәлі деп тануға және оған осы баппен 6 (алты) жыл мерзімге мемлекеттік лауазымдарды атқару құқығынан және «полиция капитаны» арнаулы атағынан айырып, өзіне тиесілі барлық мүлкін тәркілеп, 8 (сегіз) жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауға. Жазаны түзеу колониясының жалпы режимінде өтеуді белгілеуге.
Смаилов Қайыржан Мұханжановичті ҚР ҚК-нің 308-бабының 4 бөлігінің «а, в» тармақтарымен кінәлі деп тануға және оған осы баппен 6 (алты) жыл мерзімге мемлекеттік лауазымдарды атқару құқығынан «полиция аға лейтенанты» арнаулы атағынан айырып, өзіне тие-сілі барлық мүлкін тәркілеп, 7 (жеті) жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауға. Жазаны түзеу колониясының жалпы режимінде өтеуді белгілеуге.
Малаев Аманғали Дүйсенбиұлын ҚР ҚК-нің 308-бабының 4 бөлігінің «в» тармақтарымен кінәлі деп тануға және оған осы баппен 6 (алты) жыл мерзімге мемлекеттік лауазымдарды атқару құқығынан «полиция аға лейтенанты» арнаулы атағынан айырып, өзіне тие-сілі барлық мүлкін тәркілеп, 6 (алты) жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауға. Жазаны түзеу колониясының жалпы режимінде өтеуді белгілеуге.
Бүкіл шулы істер менікі
Кушакова Разия Рахимовна, қоғамдық қорғаушы:
— Мен қорғаушы емес-пін, құқық қорғаушымын. Меніңше, бұл істе сот жіберген ешқандай да қателіктер жоқ. Егер қандай да бір олқылықтар кездесіп жатса, ол сотталушылар тарапынан көрсетілген табанды қарсылықтың салдарынан болды және соған қарамай, сотталушылардың кінәсі толық дәлелденді деп есептеймін. Олар қолдан келгенін істеп бақты. Мысалы, егер сот отырысының хаттамасына сәл өзгеріс енгізілсе, онда Үкім де өзгереді деген сөз. Олардың қорғаушысы «неге сот хаттамасы бет айырмашылығы әртүрлі үш экземплярда шығады?» деген дау айтты. Сөйтсек, мәселе әртүрлі шрифтпен шығарылғандығында екен. Т.Исаев Е.Абелдиновке қарыз ақша бергенін айтып алып, кейіннен «бермедімге» шықты.
Одан кейінгісі, «Кушакованың қорғаушы болуға құқы жоқ» деген мәселе. Иә, құқық қорғаушы ретінде 2010 жылдан бастап, қор-ғаушы болуға құқым жоқ, бірақ жәбірленуші тараптың құқығын қорғауға қатысуға құқы-ғым бар. Бұл жерде таңдау жәбірленушінің қалауында. Менің қорғаушылық құқығымның жоқ екенін айтатындар босқа уақыттарын жоғалтады. Иә, мен сотта: «Маған әкімшілік құқық бұзу турасында шара қолданыңыздар, бірақ мен өз атыма айтылған қаңқу сөздерді естіп отыра алмаймын», — деп шығып кеттім. Себебі мен өзімді жоғары бағалаймын. Жалпы, мен мұндай қылмыстық істерге он шақты жылдан бері араласып келемін. Бүкіл шулы істер менікі, газетке Г.Выборноваға мақаланы өзім дайындап жазып беремін, себебі ол кісі заңды жаза білмейді. Тиісті органдарға өзім жүгіремін. Құлан ауылына барып, Қ.Жолдасбаевқа жолыққанымда ол: «сенімен мемлекеттік тілде ғана сөйлесемін» — деп дөрекі жауап берген болатын. Мен «Время» газетінің орысша екенін айтсам да тыңдамады.
Айтпақшы, маған сенім білдірген екі жәбірленушіге қатысты істің мерзім айыр-машылықтары болғанымен, екі іс те бір статья шеңберінде, яғни «қызмет бабын асыра пайдалану» мақсатына қатысты бірге қаралды. Уақыты өтіп кеткен қылмыс болса, қаралмай қалуы керек емес қой.
Келесі бір мәселе, қарсы тарап «Кушакова искті өзі беріп, ақша таппақшы» деп жүр. Олай емес, мен бүгін Астанаға ұшпақшымын, Абелдиновтың апелляциялық шағымы да әзір, енді оны нотариуспен бекіту ғана қалды. Жалпы, біз бұл істе жеңгенімізбен, ақша автоматты түрде Е.Абелдиновтың атына аударылады.
Мен Жолдасбаевтың сатылып кеткен көлігіне сараптама жасатуға қатысу үшін Қарағандыға бардым. Сот-биологиялық сараптама нәтижесінде Е.Абелдинов айтқан орындықтан қан дағының белгісі табылды.
Төрт-бес сағат тепкіледі
Қайрат Лебаев, жәбірленуші:
— Ол оқиғадан бері екі жыл уақыт өткендіктен, біраз нәрселерді ұмытып қалыппын. Есімдегісі, Рақымжан, Фархат үшеуміз машинамен Қ.Жолдасбаевтің үйінің қасынан өтіп бара жатыр едік, бір топ адам сыртта тұр екен, масайып алған Қанат қолына тас алып, бізді тоқтатты. Жерге түсіп амандаса бастап едік, ай-шай жоқ бізді ұрып, багажникке салып алып, сырт жақтағы «Багира» деген ескі кафенің жанына алып барып, мылтығын тақап, үшеумізді де атып тастайтынын айтып, қорқытты. Осылайша, төрт-бес сағат бойы тепкілеп, ұрып-соқты. Кейіннен Қанаттың үйіне келдік. Үйіне кіргізіп, «туған күнім еді, кешіріңдер» деп арақ құйды, біз ішпедік. Сол жерде Р.Нұрқалиев ауырып, шыдай алмаған соң, түн ішінде ауруханаға алып бардым. Ол алғаш түскенде полициялардан қорыққандықтан, арыз жазған жоқ, тек ертесі күні әкесі келген соң ғана жазды. Содан ол ауруханада бір ай жатты. Шыққасын Таразда бір жыл әскери қызметін атқарып, қазір Астанада.
Ал енді Қанаттың келіншегінің «алқасын жұлып қашты» деген өтірік сөз.
Дүниеде не жаман, күткен жаман
Зерттеу барысында жәбірленуші үшеудің бірі Астанада жүргендіктен, ал енді бірінің екі күн бұрын әкесі қайтыс болып, басына қайғы түсіп отырғандықтан, баса-көктеп барып, пікір алуды жөн деп таппадым. Мазаламай-ақ қоюымды досы Қайрат та өтінді. Ал енді Тараз қаласына барып, жоғарыдағы пікірлерді жинағаныммен, облыстық сот пен облыстық прокуратураға кіру мүмкін болмады. Тек, мені жылы қабылдаған Тараз қалалық №2 сот төрағасы Мырзақұлов Мақұлбек Жапарбекұлы өзінің мұндай істердің зерттеліп, ашық жазылуын құптайтынын, тіпті кез келген сот отырысына қатысуыма қарсы емес екендігін білдірді және осы істі қараған судья Дауылбаев Нұрлан Әмірханұлын шақырып, сұрақтарыма жауап беруді тапсырды. Бірақ, дәл сол кезде уақытының жоқтығын айтқан судья мырза кешкі 18-ге шақырды. Ал кешке барып, сарғая күткен бір жарым сағаттан кейін кіріп, диктафонымды қоса бергенімде, оны қоспай-ақ қоюымды өтінді. Оған да келіскенмін, бірақ судья «ертең келіңізші» деп сусыды. Ал менде ондай саяхаттап жүретін уақыт жоқ еді. Кейін хабарласатынымды айтып, қоштасуыма тура келді.
Алматыға келгеннен кейін электронды пош-та арқылы жіберген сұрақтарыма да жауап келмей кешеуілдеп жатты. Ол сұрақтар негізінен осы іске бастан-аяқ қатысып, Қ.Жолдасбаевтың қорғаушысы болған, Қа-рағандыда тұратын Төлеген Амербековтың кассациялық сотқа жазған шағымынан алынған болатын. Төменде қысқаша мәтінін назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Жауабын күткен 15 сұрақ
1. «Мерседес Бенц» автокөлігінің арқа сүйегішіндегі қанның ірі қара малдікі екенін жасырып, (іс б.85, том 4) адамдікі емес екенін біле тұра, «қан дақтары табылды» деп көрсетілді.
2. Сот үкімде істің шын мәнісі туралы болған оқиғаны сотталушылардың өздері және олардың сөздерін растаған тоғыз куәнің жауаптарын есепке алмады. Тек «Айыптау жағынан олар ұсынған дәлелдермен (оларды атамай) теріске шығарылды» деп көрсетілді (үкімнің 13 беті).
3. Сот куә Есбаев Марат Маратовичтің жә-не таксист Қарағаев Абдрахманның сотта берген: 04 маусым 2011 жылы, сағ 21-22 шамасында Р.Нурқалиевтің автовокзал жақта біреулермен төбелесіп жатқанын көрген жауаптарын (82 бет) елеусіз қалдырды.
4. Сот Скуридин мен Құрбанбаевтың сот үстінде сотталушылардың арасында олармен ақша жайлы сөйлескен адамдардың жоқ екенін айтқандарын, сонымен бірге Құрбанбаевтың: «Бекешовке Абелдиновтың жауапқа тартылмауы туралы сұрақты шешу үшін ешқандай ақша берген жоқпын, ол ақшаны қайдан алғанын білмеймін» деген жауаптарын елемеді (5-том, 88 бет).
5. Бекешов өз жауаптарын тергеуде: «130 000 теңгені Малаев пен Смаиловқа берген жоқпын» (5 том, 90 бет) немесе «конвертке салып бергенмін», сотта: «конвертсіз бергенмін» деп, бірнеше рет өзгертіп берген. Сонымен қатар, Бекешов те сот үстінде сотталушыларды танымайтындығын айтқан.
6. Р.Нұрқалиевпен қызметтес бес адам-ның берген түсініктері бойынша, Нұрқалиев жарақат алғанда оның қасында жолдастары Мұхтар және Қанат болған (1 том, 72, 74, 75, 76, 77 беттер). Бірақ бұл куәлар сотқа әкелінбеді.
7. Р.Нұрқалиевтің отбасы 10 000 теңгенің қайдан пайда болғанын айта алмады. Ол жайында әртүрлі жауаптар берді. Куә Ы.Нұрдос ауруханаға Смаилов пен Жазылбектің келмегенін айтқан (т.2, 127-128 б).
8. Р.Нұрқалиев ауруханаға түскенде ішімдік ішкендігі тексерілмеген (2том, 5 бет).
9. Үш адамнан бір мезетте, бірге отырғызып, заңсыз түрде жауап алынған (2 том, 130-136 беттер).
10. Таныту үшін (опазнания) төрт адамның суреті бір параққа шығарылады және олардан басқа адамдар жоқ (5 том, 15 бет). Және іс қозғалмай тұрып, танып ал, шатасып қалма дегендей Абельдиновқа көрсетіледі. Бұл алдын ала арандату болып табылады.
11. КНБ ЮГ әскери басқармасының контрразведка уәкілі Жұманбаев Бекзат Әмірқұлұлы ДВД мен УСБ бастықтарының атына әскерилерден «черновой вариант заявление алдым» дейді. Бұл да заңсыз.
12. Бұл іс бойынша ешқандай оперативтік тексеріс жүргізілген емес. Мұны өздерінің жауаптары дәлелдейді. Сонымен бірге, «барлық оперативтік материалдар жойылды» деген уақыты 23 ақпан 2011 жыл және 12 сәуір 2011 жыл болып отыр. Яғни материалдардың жойылған уақыты қылмыстық іс қозғалған кезден төрт ай бұрын көрсетілген. Демек, бұл да арандату.
13. Сотта Т.Исаев пен Шетеновтың «танымаймын» дегені «танимын», «бермедім» дегені «бердім» сияқты жауаптармен бұрмаланып берілген. Исаев пен Шетенов бұл мән-жайларды бекітпейтін болған соң, олардан мүлдем жауап алынбаған.
14. Заң бойынша сот хаттамасы біреу болуы керек, ал бұл істе үшеу.
15. 912 беттік қылмыстық істің тек 37 беті ғана жарияланған.
Кімнің алдын кесіп, аяғын басып кетті екен?
Соттан шыққан соң кештетіп Жамбыл облыстық ІІД ҰҚҚКБ мекемесіне келдік. Ондағы ойымыз Құлан ауылында КИЗ атты қылмыстық топтың бар-жоғын анықтау болатын. Өйткені сотталушылардың жақындары жоғарыдағы жәбірленушілердің сол топпен байланысы бар ма екен деп топшылайтындықтарын айтқан болатын. Нәтижесінде, мекеме қызметкерлері «Такинск» деген қылмыстық топтың тіркеуде бар екенін, оның басшысының қамауда жатқанын, ал КИЗ жайлы естімегендерін, ондай топтың тіркелмегенін айтты.
Ертесі сотталған үш полиция қызметкері қызмет еткен Т.Рысқұлов АІІБ-на бардым. Екі иіскеп, бір шоқып, шошынып қалған полиция қызмет-керлері жасқаншақтаса да жауап беріп, бұрынғы қызметтес болған әріптестерінің өз қызметтерін адал атқарғанын, тіпті олар көптеген әріп-тестеріне қарағанда полицияның арнайы оқуын бітірген, сауатты да білікті қызметкерлер болғанын, көптеген қылмыстарды ашуға қатысқандарын айтып, мақтады. Ендеше, адал қызмет атқарған азаматтар кімнің алдын кесіп, аяғын басып кетті екен деген ойда қаласың.
Сонымен қатар, пікір бергендердің айтуынша, бұл облыста «Время» газетінің тілшісі Галина Выборнова мен қоғамдық қорғаушы Разия Кушакованың араласқан істерінің бәрі жеңіспен бітеді екен. Оған өздеріне келер жаман ат баспасөзге жарияланып кетпеуін ойлайтын құқық қорғау органдарының бас сауғалауы себеп болса керек. Әрине, жәбірленуші тараптың жыртысын жыртып жазу көп қиындық тудырмайды, бірақ әріптестеріміздің қарсы тараптың да айтар арыздарын, өзге де қосымша пікірлер мен мәліметтерді жинауға құлық танытпастан, мақалаларын біржақты жариялауы (бірнеше мәрте) нені аңғартады?
Қысқасы, «болары болып, бояуы сіңудің алдында тұрған жоғарыдағы сотталушыларға қатысты істі қайта қарап, ақ-қарасын анықтау керек. Сондай-ақ, бұл орайда, тиісті орган-дарға жіберілген арыз-шағымдар мен хаттар әдеттегіше «анаған тексеріп, қарау үшін, мынаған тексеріп, қарау үшін» деген сияқты «дежурный» жауаптар жіберумен шектеліп қалмауын да қадағалаған жөн.