Мақаладан үзінді келтірсек: «Бүгінгі таңда егеменді еліміздің төл тілінде 455 газет пен 117 журнал шығатыны туралы нақты мәлімет бар, әйтсе де басымдыққа ие 2303 орыстілді бұқаралық ақпарат құралдарын Ресейден келетін 5248 газет-журнал «қуаттап» тұрғанын ақырындап жеткізбесем шошып кетерсіз. Демек, тілдің жырын тәуелсіздіктің алғашқы күнінен айтып келе жатқан қазақ баспасөзінің «аптығын» басуға қаншама күш жұмсалып жатыр десеңізші?!
Сатуға шығарылған қазақ газеттерінің сыртқы көрінісі де адам аярлық жағдай-да. «Қаға беріске ілінгендері бұрыштан сығалап, сатылуға шыққандары кеудесі тапталып, «алпауыт» газеттердің астынан «мойындарын» әрең шығарып қарап тұрады. Көргенде жаның жылап аяйсың. Әдейілеп «жоқ іздеген» біреу келіп сұрамаса, байғұстарды тауып ала қою да қиын шығар. Ал ресейлік газеттердің айдарынан жел еседі. Таралымы да керемет. ...Ресей ақпарат құралдары қазақтың салт-дәстүрін, ана тілін, ата заңын, жеткен жетістігін жарнамаламайды. Керісінше шаужайдан алып, сынап-мінеуге құмар. Көбінесе Ресейдің «ұлылығын» дәріптеп санаға тамшылатып құяды. Қазақстандағы орыс тілінің аяқ асты болып жатқанына, орыс мектептерінің аралас мектеп деңгейіне түсіп «әлсіреп» қалғандарына жандары ашиды...»
Одан әрі мақалада тәуелсіздік жылдарынан бері қазақ газеттерін сатып келе жатқан Рахымбаева Мейрамкүлге кедергі жасалып отырғаны жайлы сөз өрбиді. Мейрамкүлдің қазақ газеттерін сататын екі дүңгіршегінің («Алты алаш») жарығын қиып тастапты. «Мені күндейтіндер, қызғанатындар көп. Көпшілігінің менің рухымды сындырғысы келеді. Шамалары келгенше қысым жасайды. Қазақ газетін сатқанымды қаламайды», — дейді Мейрамкүл.
Мақаланың соңғы нүктесіне тірелгенде, алай-дүлей күй кешесің, жүрегің атқақтай соғып, жүйкеңе салмақ түскенін сезесің. Бойыңды ашу-ыза кернейді. Біздің көрген құқайымыз бір бұл ғана ма? Өлтірем деген біреу бар, өлтірмеймін деген Құдай бар» демекші, тарихымыздағы ақтаңдақтарды есіңе аласың да, өзіңді сабырға шақыруға мәжбүрсің. Бәріне өзіміз кінәліміз. Бұлай дейтін себебім, қазақ газеттерін сатуға кедергі келтірушілер билік басындағы қандастарымыздың ана тілін білмейтіндерін, қазақтілді газеттерді оқымайтындарын жақcы біліп отыр. Жүсіпбек Аймауытовтың: «Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды», — деген сөзінің көрегендікпен айтылғанына көз жеткізгендей боламыз.
Осы орайда, кеңестік кезеңнің 60-жылдарындағы мына жайтты айта кетуді орынды санаймын. Онда біз студентпіз. Газет сататын дүңгіршекке келіп тұра қалғаным сол еді, алдымдағы мосқал ер адамға газет сататын орыс әйел: «Казахи, вы сами себя позорите!» — деп қолындағы қазақша газетті жұлқа тартып алып, «Правданы» ұстата салды. Орыс әйел айқайлап айтқан ащы шындық кімге қалай әсер еткенін қайдам, жаным жүдеп, аласарып кеткендей болғаным бар.
О кезде студенттерді жұмыс күші ретінде ауылшаруашылық өнімдерін жинауға жіберетін. Бір жылы Шымкент облысының Келес ауданында мақта жинадық. Бірде демалысымызды пайдаланып, Ташкент қаласына бардық. Көрікті жерлерін аралап, сосын шайханаға бас сұқтық. Жамырай дабырласа сөйлескен дауыстар, қарқылдап шайхананы бастарына көтерген ерсі күлкілер бірден назарымызды аударды. Бір топ ала шапанды ағайындар үстел жағалай отырып алған. Кіріп-шығып жатқандарды көздеріне ілмейді. Кеуделерін кере ұстап, астамси сөйлегендерінен-ақ осы өлкенің қожасы екендерін білдіріп тұрғандай. Алматыда асхана — көпшілік орындардың бірі. Бұнда айқайлап сөйлемек тұрмақ қаттырақ сөйлесең, «ұлы халық» өкілдерінің шамына тиетін.
Кассада отырған ер адамға орысша сөйлеп едік, пәлеге қалдық.
— Өзбекше айт! — деді зекіп.
— Өзбекше білмейміз. Қазақстаннан келдік, — дедім тізбектің алдында тұрған мен. — Ендеше, қазақша айт. Мен қазақша білемін, — деді. Кеңес өкіметінің қатал заңынан қыңбай өзгелерден өз ана тілінде сөйлеуді талап еткен өзбек ағайындардың шамадан тыс еркіндігі өз елінде өгей баланың күйін кешкен бізді таңдандырып қана қоймай, ойландырған да еді.
Содан бері де көп уақыт өтті. Ата-бабамыз, елім деп еңіреп, жазықсыз жазаланған арыстарымыз бен ұлыларымыз армандап өткен тәуелсіздікті бізге көруге жазыпты жазмыш. Ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрімізді қайта жаңғыртып, жоғымызды түгендеуге бет алдық. Осы тұста қоғамымызға дендеп еніп те үлгерген жаһандану әкелген «жаңалықтар» да аз емес еді. Толассыз теледидардан көрсеті-ліп жатқан батыстық кинолардағы атыс-шабыс, бейәдеп көріністер жастарымыздың басым көпшілігін жаулап алғаны рас. Елбасымыздың басшылығымен Қазақстан қарыштай дамып, аз уақыт ішінде алыс-жақын өркениетті мемлекеттерге кеңінен танылды. Бірақ ана тілімізге деген сұраныс артқан жоқ. Қазақ тілін өзге ұлт өкілдері үйреніп те, сөйлеп те жатыр. Бірақ өз қандастарымыздың селт етпейтіндері қынжылтады. Италияның қазіргі заманғы кәсіпкері Реналью Гаспирин: «Мен әлемнің 141 елін аралаған адаммын. Солардың ішінде өз мемлекетінде өз тілінде өмір сүре алмай отырған бейшара халықты көрдім. Олар — қазақтар», — деп жазыпты.
Біз — «жаным — арымның садағасы» деген ұстанымнан тайқымаған, намысты қолдан бермеген батыр халықтың ұрпағымыз. Туған тіліміздің аяқасты болғанына жаны ауыратын намысшыл азаматтарымыз көп-ақ. Кеңес өкіметінде туып-өсіп, ер жеткен, құлдық санадағы аға ұрпақ орнын бүгінгі қазақ мектептерінде оқып, үш тілді қатар меңгеріп жатқан, өздерін еркін елдің ұланы әрі тұлға деп білетін кейінгі ұрпақ басатын болады. Қазақ тілінің болашағын кейінгі ғасырларға жеткізетін, міне, осылар.
Қызым Айгүл Кәріпжанқызы Қожахан — техникалық университетінің түлегі. Қазір осы оқу орнында доцент. Студенттерге дәріс береді әрі ғылыммен айналысады. Халықаралық Ақпараттандыру Академиясының академигі. Кезінде Францияның Париж қаласында «Париждің Тау-кен Жоғарғы мектебінде» оқыған. Африка, Еуропа елдерінде тәжірибе алмасқан.
Париждегі оқу алғаш басталғанда директор (ұлты — француз) Айгүлді Ресейден келген деп таныстырыпты. Айгүл сөз алып: «Мен ресейлік емеспін. Қазақстандықпын. Ұлтым — қазақ. Қазақстан деген мемлекет бар. Жеріне Франция мемлекетінің бесеуі еркін сыйып кетеді. Менделеев таблицасының бар элементтері кездеседі», — деп түзету жасапты. Бұдан кейін директор үнемі: «Менделеев таблицасының бар элементтері кездесетін Қазақстаннан келген Айгүл Қожахан», — деп сөйлейтін бопты.
Алматыдағы өзі газет алатын дүңгір-шектен қандастарымыздың орысша газет алып жатқанын көрген Айгүл газет сататын орыс әйелге: «Қазақша қанша газет бар, бәрін беріңізші», — депті ғой. Анау шын айтып тұр ма дегендей Айгүлге таңдана қарап: «Бәрін бе?» — деп сұрапты. «Иә, бәрін». Сөйтіп бір құшақ газет арқалап келіпті.
Мамандардың басым көпшілігі өзге ұлт өкілдерінен тұратын қаладағы ірі компанияда жұмыс істейтін ұлым Айбол бірде «Магнум» деп аталатын сауда орталығына барады. Сатуға шығарылған өнімдердің қазақша атауларындағы қателерді көріп, бірден дүкеннің әкімшілігіне кіреді. Қысқаша амандықтан соң: «Бәріңіз қазақсыздар. Қазақша жазылған сөздерде қателер өріп жүр. Ұялмайсыздар ма. Жоқ, қазақ тілі сіздерге ойыншық па? Мен тағы келемін, жөндеп қоятын болыңдар!» — деп шығып кетіпті. Келесі барғанда қателердің жөнделгенін көріпті. Өз кемшіліктерін мойындап, дер кезінде түзете білу де жақсылықтың нышаны.
Қанатымен су сепкен қарлығаштай қандастарына қызмет көрсетіп, пайдасын тигізіп жүрген «Астанадағы» «Алты алаш» деп аталатын екі дүңгіршек иесі Рақымбаева Мейрамкүлге алғысым шексіз. Жұмысына кедергі келтіруші қаскүнем топтан қаймықпаған қайсар әйелді қолдайтын халқы бар. Біз намысты қолдан бермеген халықтың ұрпағымыз.