Ekim 28, 2014
 
 
 
 
 
 

Сақ болыңыздар: телефонда «Алаяқ»

Қылмыстың адам сенгісіз сан алуан түрі құмырысқадай өсіп-өрбіп шығып жатыр. Соның бірі қай өңірде болмасын байланыс жүйесімен, телефонның көмегімен жасалатын қылмыстың кең тараған түрі яғни «алаяқтық» жайбырақат халықтың көңіліне көлеңке түсіріп, қомақты қаржысын қағып алып, зар қақтырып, кеңінен етек жаюда.

 

 Бұл оңай олжа, ақша табу тәсілін темір торға қамалған қылмыскерлер ойлап тапқан деген болжам бар. Оның да түбінде шыңғырған шындық жатыр. Телефонмен жасалатын «алаяқтық» көбейіп кеткені соншалық көптеген отбасылары тапқан таянғандарынан өз еріктерімен айырылып, сан ұрып, тақырға отырып қалғанының куәсі болдық. Бұл қылмыстың түрімен айналысатындар ата-ананың балаға деген махаббаты мен таза сезімін саудаға салып, былғаныш түсіріп, шебер пайдаланып кәнігіп алған.

Өз күнін өзі көріп тіршіліктің күйін күйттеп жүрген қарапайым отбасына аяқ астынан қоңырау шалынады. Телефонның ар жағынан «Сізбен сөйлесіп тұрған қызмысты іздестіру басқармасының тергеушісі Еркін Жаппаров. Сіздің ұлыңыздың аты жөні кім ?»,- деген қарлыққан дауыс естіледі. Аты дардай мекеменің білдей тергеушісі не үшін хабарласып тұрғанына түсінбеген байқұс ананың жүрегі тас төбесіне шығып, шет жақта жүрген ұлының аты-жөнін айтуға мәжбүр болады. Бар мәліметті біліп алған әлгі «тергеуші» «Онда балаңызбен сөйлесіңіз?»,- деп ар жақтағы біреуге телефон тұтқасын бере салады. «Мама, мені қылмысты іздестіру басқармасының тергеушілері ұстап алды, өзің сөйлесіп келісші, мама»,- деген жыламсыраған ұлыңның жалынышты дауысы құлағына келеді. Дауысын бұзып, дірілдеп айтқан ар жақтағы жігіттің «Мама!»- деген бір ауыз сөзі ананың жан дүниесін шайқалтып жіберетіні сөзсіз. «Ойбай, не болды? Не болды?»,- дегенше бастапқы телефон шалған алаяқ «тергеуші» енді бәрін тәпіштеп түсіндіре бастайды.

- Жеңіл машинесін соғып, капотын бүлдіріп кеткені үшін бір жеңіл көліктің жүргізушісін ұлыңыз көкала қойдай қылып сабап тастапты, бет-ауызы қанға боялған, миы шайқалған ол бізге арызбен келді. Біз балаңызды бұзақылық жасағаны үшін ұстадық. Әрине егерде екі мың АҚШ долларын қолма-қол әкеп берсеңіз жанашырлық танытып, үстінен іс қозғамаймыз. Әйтпесе қылмыстық кодекстің пәленбай бабымен үш жылға шейін сотталатын болады. Балаңызға «жанымыз ашығандықтан» көмек көрсеткіміз келіп тұр. Ғұмыры темір тордың ар жағында өткізгенін қаламайтын шығарсыз. Ұлыңызға телефон шаламын деп әуре болмаңыз, оның қалта телефоны бізде, басқа біреулермен хабарласып ақылдасамын десеңіз, бұл жария болып кетсе, тіпті іс насырға шабады, көмек қолын бере алмаймыз, қатты өкінесіз,- деген сөздерді «тергеуші» әр бір минут сайын телефонмен айтып, әйелдің зәресін ұшыра бастайды. Ойбайлаған ана сол сәтте есінен адаса жаздайды, ұлының қылмыскер атанбасы үшін ол барлық байлығын жинап-теруге әзір еді. Қорыққанға қос көрінеді деген осы екен. Қолындағы барын жетпеген тиын-тебенін жақын туыстарынан алып, әлгі жалған «тергеуші» алаяқтың айтқан жердегі адамына өз қолымен құстай ұшып апарып береді. Болған біткені сол.

Ақыры «Ұлымды бір пәледен құтқардым»,- деп алқынғанын басып баласымен хабарласса, ол анасының басынан кешкен күйзелісінен бейхабар, аман-есен басқа жақта жүрген болып шығады. Ананың балаға деген ақ адал, махаббатын ақшаның құнымен саудалаған екі аяқты хайуанды ана құрсағынан шықты деуге ауызымыз бармайды. Мұндай алдаудың торына негізінен қарапайым халық түсіп отыр. Қай отбасының ұл мен қызы сыртта жүрген жоқ. Бірі Астана да, екіншісі Алматы да , үшіншісі Атырау мен Қарағанды да төртіншісі шетелде оқиды, жұмыс істейді. Үйіндегі ата-анасы сол балаларының тілеуін тілеп, түн ұйқысын төрт бөліп отыратынын бәріміз жақсы білеміз.

Тағы бір қарапайым отбасының басынан өткерген жағдайын айтып өткіміз келеді. Үйінде тосыннан телефон сылдыр ете қалады. Бәз-баяғы «тергеуші» енді ол кез келген лақап атты айта салады да «Қызыңыз қайда?» деп сұрайды. Үрейленген әйел қызының Астанада оқитынын айтады. Анасынан мәліметті оп-оңай алған әлгі «тергеуші» қара аспанды төндіріп, оқудағы қызының сөмкесінен анаша табылып, құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің қолына түскенін айтады. Ал, енді төбесінен жәй түсірген мына хабардан кейін қол-аяғы дірілдеп күйзелген ананың кейпін көз алдыңызға елестетіп көріңіз. Ойбайға басып, жан дүниесі қалтырап, қызының қалта телефонын терсе , жауап бермейді. Әлгі «тергеуші» мәймөңке тілмен дәл қазір 6 мың АҚШ долларды мына бір есеп шотқа жібере салсаңыз, «бәрін жаба саламыз» ,-деп есінен шала танған әйелді үгіттеуге кіріседі. Одан ары не боларын бір құдай білер еді. Бірақ сабағынан шыққан қызы анасының телефон шалғанын көріп, аяқ астынан өзі қоңырау шалған. Қызының аман-сау екенін білген, ашу кернеген әйел дереу әлгі «тергеушінің» байланыс жүйесіне шығып ит терісін басына қаптамай ма? Сөйтсе оған сасқан анау жоқ дейді : «Өзіңді кім деп тұрсың? Көзіңді жойып жіберу бізге түк емес, сенің құның 10 мың теңге, бір бомж келіп, көшеде кетіп бара жатқаныңда басыңнан таспен ұрып өлтіріп кетеді»,- деп қоқан лоқы көрсетіп боқтап келіп беріпті. Бұл нені көрсетеді? Телефондағы алаяқ өзін ешкім ұстап алып, жазаламайтынына өте сенімді. Ал, оның қоңырау шалған қалта телефонының номерін ешкім таппайды екен, кез келген киоскіден «номер сандарын» сатып алып, пайдаланып лақтырып жіберу қазіргі кезде жоқтан оңай болған . Сондықтан да оны іздеуден гөрі шөмеле ішінен ине іздесең тез табады екенсің. Бұл қылмыстың түрі темір торға қамалған адамдардың телефон арқылы емін-еркін жасайтын «кәсібіне» айналған. Ең сұмдығы сол алаяқтың «туған-туыстары да» қол ұшын беріп, бар деген жағына барып, ал деген ақшасын алып, ортасынан нәпақасын түсіріп отырады екен. Негізінен ауқатты-ау деген отбасыларының телефондарын беріп, сырттан мәлімет беріп отыратындар да солар екен. Семейдің түрмесінде отырып, Жамбыл облысындағы отбасын алдау, Заречный де жазасын өтеп жүріп, Атыраудағы отбасын қорқытып, ақша табу олар үшін түкке тұрғысыз көрінеді. Бәрі жүйеленген, бәрі қалыпқа түсірілген,жолы шиырланған. Күніне он отбасын сырттағы бала-шағасымен үркітіп ақша тапса, қаншама байлыққа тегін кенеліп, белшесінен бататынын есептемей-ақ білесіз. Сонда түрмедегі қылмыскерлерге қалта телефонын беріп, алшаң басқызып қойған қай Заңның тармағында бар екенін білмей дал болып отырмыз?

«Бала, бала» деп жар құлағы жастыққа тимей жүрген ата-аналардың ақ адал жолмен жинағанын оңай олжаға айналдырғандардың да саны жетерлік болып отыр. Арасында алданғанын біліп полицияға арыз бергендері берер, ал бермегендері ұл-қыздарының амандығын білген соң, алқымдарын басып, «садақа, кәйтеміз енді»- деп шарасыздық таныта салады.Бұл да қарапайым халыққа тән бір көбістік мінез. Басқа түскенге баспақшыл екеніміз де жасырын емес.

Ұлы түрмеде жазасын өтеп жатқан бір әйелдің: «Ұлым қаланың қақ ортасынан екі бөлмелі пәтер сатып алды. Түрмеде отырса да бизнесі жүріп жатыр»,-деген сөзін өз құлағыммен естіп, таң қалғаным бар еді. Кейіннен алаяқтың «бизнесі» осылайша жүріп жатады-ау деп секем алып қалдым.

Жалпы ата-ананы қорқытып ақшасын сыпырып алудың айла-тәсілі сан алуан екен. Мысалы үшін балаң қарумен ұсталды, ұрлықпен ұсталды, төбелесіп ұсталды, анаша сатып ұсталды деп бопсалап қоңырау шалса да ешбір сенуге болмайтынын ескерткіміз келеді. Дәл қазіргі кезде ешбір тергеуші қоңырау шалып, пара сұрамайды. Басы екеу емес. Алайда, құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің шекпеніне қара күйе жағып, атын жамылып, ақша тауып, келеке-мазаққа айналдырған жазасын өтеп жатқан, немесе арамызда осындай алаяқтықпен айналысып жүрген қылмыскерлерге тосқауыл қою аса қажет. Осындай сорақылық жағдайлардың көбейіп кеткені соншалық олар жалпағынан басып, қоғамдық ортамызда тайраңдап жүр. Табан ақы маңдай терімен келген қаржысынан айырылумен қатар , психологиялық күйзелісті бастан кешірудің өзіне кез келген ата-ананың денсаулығы жарай ма? «Балаң сөйтіп қалды, бүйтіп қалды. Ақша әкеп бер»,- деген бопсалаудың кесірінен бір әйел есінен танып құлап, ауруханадан бірақ шығыпты. Мұны жасағандарды адам деудің өзі артық шығар, нағыз айуандық қой.

Шетелде әскери міндетін өтеп жүрген ұлының қару ұрлап ұсталды деген хабарын алған кәрі кемпір мен шал үйіндегі 600 мың сом ақшасын ойланбай беріп жібергеніне оларды сөгудің қажеті жоқ. Бала десе жандарын шүперекке түйген қайран ата-ана! Осындай алаяқтардан оқырмандарды сақтандыру мақсатында осы мақаланы жазып отырмыз. Қандай үрейді ұшыратын қоңырау болсын, жағымсыз хабар болсын алдымен ақылға салып, құқық қорғау органдарына хабарласқан жөн. Сіздер болып, біздер болып алаяқтардың жолын кеспесек, оңай олжамен күнелткісі келгендер құрттай өріп қаптап кетті. Ұсталып та жатыр ғой, бірақ ауыз толтырып айтар көрсеткіш жоқ.Бірен-сараны ғана қолға түседі. Телефон соғатын алаяқтан сақ болыңыздар!

 
Yorum yaz / share.thought
Жанайқай  Diğer Başlıklar
НАМЫСТЫ ҚОЛДАН БЕРМЕЙТІН ХАЛЫҚ ЕДІК
Тасада тұрып, тас атпаған, оқ атқан...
«Алты Алашты» азынату — азаматтыққа сын!
«Жаралы құстың» жыры бітер емес
Астанада «Алты алаштың» қос дүңгіршегі азынап тұр
Жолдары тозған, үйлері жұпыны, мектебі тар қайран Ертіс!
Халықты тонап отырған кімдер?
Ең төменгі күнкөріс деңгейі есептелумен азық-түлік бағасы арзандамайтынын министрлік білмейді-ау
ОҚО полицейлері шындықты неге жасырады?
«Нұрлы көштің» бұйдасын жау кесті-ау!
Жалған өмірдің жаласына шыдай алар емеспін...
Еңсені басқан экспликация
Түріктен бауыр тапқаныма шүкіршілік етемін
«ТЕМІР ТҰЛПАРЛАР» САТЫЛАТЫН ОРТАЛЫҚ
Ішкі саясат ішіндегі «ілік» саясат немесе БАҚ-ты белден басқан басқарма
Бізді сыйламаған өзге этностарға ренжиміз бе, әлде...
Жалақыға зар болып, опық жегендер
«Құдыққа құлаған» құландық тәртіп сақшылары
Бюджеттің жыртығын арақпен жамау — масқаралық!
Рухы мықты елдің еңсесі биік
Сақ болыңыздар: телефонда «Алаяқ»
Кедендік одақ алкоголь саясатын өршітіп отыр
Қоғамдық көлік қызметінде ана тіліміз ақсап тұр
НАМЫСТЫ ҚОЛДАН БЕРМЕЙТІН ХАЛЫҚ ЕДІК
Қамшыбасар